Қазіргі уақытта елшінің әйелі екі баласымен Кариде, оған қоса үшіншісіне аяғы ауыр.
ERNUR.KZ. Мысырда өлі табылған елшілік қызметкері Еламан Жолдасовтың әйелі Айнұр Молдабаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды, деп жазады tengrinews.kz.
Сондай-ақ, ол бас прокурорға, ІІМ басшысына және Сыртқы істер министрлігінің басшыларына хат жазған. Молдабаева күйеуінің өліміне қатысты тергеуді барынша ашық әрі мұқият жүргізуді сұрайды.
"13 желтоқсанда күйеуімді өлі күйінде таптым. Мойнында жіп болды. Аяғы шаң-шаң, кіреберіс жердің барлығы қан болды, біреудің іздері жатты", - дейді әйелі.
Айнұрдың айтуынша, қайғылы жағдай алдында Еламан елшілікте бір PR-кампания өткізу үшін қарызға ақша алған. Оны өлтіруге осы себеп болуы мүмкін дейді. Айтуынша, ақшасы да із-түссіз жоғалған.
Айнұр Молдабаева сол күні күйеуінің үйде қонбағанын және телефонды алмағанын айтады. Ал таңертең үйден шығып бара жатқанда кіреберісте өлі жатқан күйеуін көрген.
"Жерде жатты, аяқ-қолы байланбаған. Әпкемнің ондай ақпаратты қайдан алғанын білмеймін, дұрыс түсінбеген шығар. Басы лифт жаққа қарап тұрды, ұйықтап жатқандай болды. Қасына жүгіріп бара жатқанымда соңымнан ұлым шықпақ болды. Алайда одан есікті жабуын сұрадым. Ол тірі деп ойладық та, ұлым интернеттен алғашқы көмекті қалай көрсету керегін қарап жатты", - дейді әйел.
Қазіргі уақытта Айнұр екі баласымен Кариде, оған қоса жүктілігінің сегізінші айында екен.
Еске салайық, 17 желтоқсанда Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкерінің өлі табылғаны хабарланған болатын. Оның туысы Гүлнара Пернебекованың айтуынша, оқиға 13 желтоқсанда болған. Еламан Жолдасов өз үйінің кіреберісінде өлі табылған.
"Ол кіреберісте жатты. Біз оның қолдарының артына байланғанын естідік. Арқасы түгелдей кір, қан болды. Демек, оны жер бетінде сүйреген. Мойында жіп болды", - деген еді Пернебекова.
Кейінірек СІМ өкілдері Мысырдағы елшілік қызметкерінің өліміне қатысты пікір білдірді.