Фото: Kazinform
ERNUR.KZ. Оралда құрамында еті бар мұздатылған жартылай фабрикаттарды тиісті сынақтан өткізбей сертификаттау дерегі анықталды, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Заң бұзушылықты комитеттің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлескен жұмыс барысында анықтаған.
Тексеруге мұздатылған, құрамында еті бар жартылай фабрикаттарды бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша келіп түскен материалдар негіз болған. Өнім Беларусь Республикасының сертификаттау органы ресімдеген ЕАЭО сәйкестік туралы декларациясымен бірге сатылған.
Сәйкестікті бағалау материалдарын зерделеу барысында декларация Алматы қаласындағы аккредиттелген сынақ зертханасы берген деп көрсетілген сынақ хаттамасының негізінде қабылданғаны белгілі болды.
“ Құжаттың түпнұсқалығын тексеру мақсатында департамент аталған зертханаға ресми сұрау жолдады. Алынған жауапқа сәйкес, бұл өнімге сынақтар зертханада жүргізілмеген, ал тиісті сынақ хаттамасы ресімделмеген және берілмеген “, – делінген хабарламада.
Осылайша, сәйкестік туралы декларация өнімнің іс жүзінде сынақтан өткенін және оның Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің міндетті талаптарына сәйкес екенін растамайтын материал негізінде тіркелген.
Материалдарды қарау қорытындысы бойынша сәйкестік туралы декларацияның Қазақстан аумағындағы қолданысын жою туралы шешім қабылданды. Ақпарат уәкілетті органға және техникалық реттеу саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жолданды.
Сәйкестікті растау және бағалау рәсімдерін жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін өнім өндіруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“ Сынақ хаттамаларының түпнұсқалығын және дәлелдемелік материалдардың қадағалануын тексеру «сұр» сертификаттауға қарсы іс-қимыл жасаудың және қауіпсіздігі расталмаған өнімнен нарықты қорғаудың негізгі құралдарының бірі. Департамент сәйкестікті бағалау жөніндегі анық емес құжаттарды анықтау және қажетті сынақтарды нақты өткізбей декларацияларды тіркеу практикасының жолын кесу бойынша ведомствоаралық жұмысты жалғастырады “, – деп мәлімдеді ведомство.


