Оралдық бағбан алманың 200 түрін сынақтан өткізіп жатыр

0
2 200

​Батысқазақстандық Қайрат Кәрімовтің есімі ерен еңбегі арқасында елге танымал.


Оралдық бағбан алманың 200 түрін сынақтан өткізіп жатыр

ERNUR.KZ. Оралдық кәсіпкер соңғы жылдары алма өсірумен шындап шұғылданып, тәжірибелік бақ отырғызған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы арқылы бағбан батыстың аптап ыстығы мен аязына бейімделген, мол өнім беретін жеміс сұрыптарын анықтамақшы. Жалпы аумағы 5 гектар жерді алып жатқан бақта алманың 200, жүзімнің 170 түрі сынақтан өткізіліп жатыр.

1910 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеде Оралдың алмасы алтын медаль алған деседі. Сол жылдары қаланың айналасында 750-дей алма бағы болыпты. Алайда дәл қазір Ақжайық өңірі алмамен мақтана алмайды. Тіпті ең соңғы аудандастырылған алма тұқымы мұнда1973 жылы, яғни 46 жыл бұрын шыққан екен. Міне, осы олқылықтың орнын Қайрат Кәрімов толтырмақшы. Жергілікті бағбан өз қаржысына экспериментальды бақ өсіруде.

Тәжірибелік бақ Сергей Исаевтың атымен аталады. Орыс алмасының даңқын аспандатқан көрнекті ғалым 40-тан астам жеміс сұрпын шығарса, оралдық бағбан соның 34 түрін отырғызыпты. Қалғаны - Жигули алмалары мен белгілі селекционер Леонид Котовтың коллекциясынан. Барлығы 200 алма түрі бар. Қай-қайсысы да кездейсоқ егілмеген, батыс өңірінің ауа райына шыдамды, мол өнім беретін жеміс түрлері. Мақсат – осылардың арасынан ең лайықтысын тауып таңдау.

- Енді бір қатты аязды қыс керек, өте қатты аяз. Аязға төзімді болмаса, 10-15 жылда бір рет өте қатты салқын қыстар келіп тұрады. Сонда 5-6-7 жыл өсіп жатқасын сондай бір қыс келіп қалса, бүкіл еңбегің, бүкіл салған ақша зая кетеді. Бүкіл бақтың бәрі үсіп кетеді. Сондықтан соған төзімді сорттар керек, - дейді бағбан Қайрат Кәрімов.

Оралдың алмасы кезінде төрткүл дүниеге танымал болса, қазір сол жетістіктің жұрнағы да жоқ.

«Тіпті жуырда Алматыда өткен бағбандар форумында: «Оралда алма өсе ме?» деген сауалды естіп, жаным ауырды», - дейді Қайрат Кәрімов.

Ал, шынтуайтына келгенде, ең тәтті, ең пайдалы алма Ақжайық топырағында көрінеді. Дәрумендер мен антиоксиданттарға бай, биохимиялық құрамының ерекше болуы ауа райына байланысты екен.

Қыста қатты салқынға, жазда қатты ыстыққа әзірленіп, алма өзінің витаминдік құрамын жинайды. Және ол біздің алмаларда жылы жаққа қарағанда өте жоғары. Салқын солтүстік жақтарда бізден жоғарырақ болады. Бірақ ол жақтарда үлкен алмалар өспейді. Олардың алмалары уақ болады, аздап ащылау болады, - дейді Қайрат Кәрімов.

Алмамен қатар Қайрат Кәрімов дәмі тіл үйірер жүзімнің 170 түрін сынақтан өткізуде. Ал келешекте өнеркәсіптік бақ егуді көздеп отыр. Осы мақсатта 85 гектар жер алыпты. Оралдық бағбанның бастамасына барынша қолдау көрсетілмек.

- Ағымдағы жылы кәсіпкерді бірегей және элиталық тұқым өсіру шаруашылығы ретінде екі санатта 3 және 5 жыл мерзімге аттестатталды. Аталған шаруашылық осы жылдар ішінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзімдерді өзі өсіріп сатуға құқылы. Бұл мақсатта аталған кәсіпкердің сатып алған бір түп жеміс-жидек және жүзімнің элиталық көшеттеріне жұмсалған шығындарының 50% үкімет тарапынан өтеледі, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ахмет Ихсанғали.

Бүгінде өңірде алмалы алқаптардың жалпы аумағы 142 гектар болса, соның 118 гектары жеке тұрғындардың ауласында екен. Соңғы 7 жылда жаңадан бірде-бір алма бағы егілмеген. Алдағы уақытта Ақжайықтағы алма шаруашылығының алға басуына Қайрат Кәрімовтің ізденістері өз септігін тигізбек.