Рамазан айынан қалған қаза оразаның арасын үзбей де, бөліп те ұстауға болады.
ERNUR.KZ. Бүгін барша мұсылмандардың ұлық мерекесі - Ораза айт басталды, деп жазады sputnik.kz.
Осымен биылғы қасиетті Рамазан айы аяқталды. Ал Ораза айт үш күнге созылады.
Ораза айт намазы оқылмаған кездер де болды
Биыл қазақстандықтар Ораза айт мейрамын әдеттегідей айт намазымен бастады. Оны барлық мешітте таңертең ерте жамағатпен бірге өткізеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу", - деп айтқан. Бірақ осыдан бес жыл бұрын Ораза айтта да, Құрбан айтта да мешіттерде намаз оқылмады. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты барлық жерде қатаң шектеу шаралары болды. Карантинге байланысты мешіттерде бес уақыт намаз тоқтатылды. Парыз болған жұма намазы да оқылмай қалды. Жамағат айт намазына да жинала алмады. Сол кезде мүфтият үйде нәпіл намазын оқуға кеңес берген. Ал бір жылдан кейін Ораза айт намазын мешіт аулаларында оқуға рұқсат берілді. Бірақ бетперде кию, намаздан кейін көп кідірмеу, балаларды алып келмеу сияқты талаптар болған. Бүгінде ондай шектеу шаралары жоқ. Сондықтан мерекелік көңіл-күй барынша сезіледі.