Жергілікті полиция қызметі 2016 жылы құрылған болатын.
фото: пресс-служба МВД Казахстана
ERNUR.KZ. Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады, деп жазады sputnik.kz.
Түзетулерге сәйкес "жергілікті полиция қызметі" ұғымы алынып тасталады. Бұған 2016 жылы құрылған Жергілікті полиция қызметі өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағаны себеп болды. Жергілікті полиция қызметі құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған.
Алайда түзету авторларының айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған.
Ішкі істер министрлігі Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма құрылады. Олар: құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармалары. Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады.
Сондай-ақ көлік полициясы бөлімшелерін ретке келтіру мақсатымен "желілік" деген термин "көлікте" деп өзгертіледі. Ал әскери-тергеу органдары ішкі істер органдарының аумақтық құрылымынан алынып тасталады, себебі олар ІІМ құрамындағы дербес бөлімше ретінде бөлінген.