Қаламы қарымды журналистер болашақта әсем қаланы өз көздерімен көріп қайтсақ деген ниетте.
ERNUR.KZ. Өзбекстандағы қазақ тілінде таралатын «Нұрлы жол» газеті тұтастай бір бетін Нұр-Сұлтан қаласының күніне арнамақ. Онда елорданың бүгінгі келбеті мен экономикасы және екі елдің достығы жайлы мақалалар жарияланады, деп жазады 24.kz.
«Қазақстан астанасының арқа төсіне көшуі мен онда ЭКСПО көрмесінің өтуі ата жұртты күллі әлемге танытты», – дейді көрші елдің тілшілер қауымы.
Қаламы қарымды журналистер болашақта әсем қаланы өз көздерімен көріп қайтсақ деген ниетте. Өзбекстанның тәуелсіздігімен түйдей құрдас басылым бастапқыда «Достық туы» деген атпен жарыққа шыққан екен. Газеттің ең алғашқы санына қос ел басшысы тілек білдірген. Отыз үш миллионға жуық оқырманы бар басылым елдегі саяси реформадан бастап әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналған бағдарламаларды толық қамтып келеді. Қос елдің бірлігін бекемдеуге көбірек қалам тербеп жүрген қазақтілді жорналшылар Өзбекстанда тұрып жатса да, өз жұртының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ұмыт қалдырған емес.
"Газетіміз төрт бет болса, соның төртінші беті әдебиет пен мәдениетке арналған. Ол жерде қазақтың салт-дәстүрлері, екі елдің – Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі ақын-жазушыларының шығармалары беріледі. Осы жылдан бастап «Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай» жыл басынан бері тұрақты түрде Қазақстан жазушыларының ән жинақтары, жыр шашулары беріледі" - дейді «Нұрлы жол» газеті бас редакторының орынбасары Райхан Бабатаева.
"Қазақстан жылына орай биыл көп материалдар беріп жатырмыз. Соның ішінде бір бет Нұр-Сұлтан қаласының күніне арналған материалдарды бермекшіміз. Қазақстан жылына орай материалдарды беріп жатырмыз, бұдан кейін де береміз. Құдай қаласа, екі елдің ынтымақтастығына өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын" - дейді Ғұламзәкір Юсупов, «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы.