Төбелес ұлтқа бөлінген 9 бен 10 сынып оқушылары арасында болған.
ERNUR.KZ. Алматы облысының Пенжім елді мекеніндегі болған оқушылар арасындағы кикілжің ұлтаралық негізде басталған, деп жазады Stan.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында ҚР ІІМ полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов айтты.
"Мектеп оқушылар арасындағы болған қақтығыстар ұлтаралық негізде болған. Қазан айында ғана мұндай фактілер БҚО-да орын алса, жуырда Алматы облысы Пенжім ауылында тіркеліп отыр. Төбелес ұлтқа бөлінген 9 бен 10 сынып оқушылары арасында болған. Пенжім ауылындағы төбелестің видеосы әлеуметтік желілерде тез тарап, қоғамның қызу талқысына түсіп үлгерді. Уақытында қабылданған шаралар қақтығыстың алдын алуға және ұлтаралық алауыздықты болдырмауға мүмкіндік берді", - деді Әсет Оспанов.
Пенжімдегі оқиға
27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында жаппай төбелес орын алған. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналып, жанжал шығарған.
Әлеуметтік желілер қолданушылары арасында төбелес түсірілген суреттер мен видеолар тарап кеткен. Бейнежазбадан жасөспірімдердің тобын, қираған автокөліктер мен ғимараттың сынған терезесін аңғаруға болады.
Полиция департаменті мектеп ауласында жаппай төбелес болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған 30-ға жуық адам қатысқан. Бір жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.
Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған науқас 27 қазанда Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен. Жасөспірім мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған. Қазір ол жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.
"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("бір топ адам жасаған бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген полиция хабарламасында.