Алматы облысының әкімі Пенжімдегі жанжалдың "ұлтаралық сипатын" жоққа шығарды

0
632

Оның сөзіне қарағанда, бәз-біреулер оқушылардың төбелесін пайдаланып, "қоғамдық тәртіпті бұзған".


Алматы облысының әкімі Пенжімдегі жанжалдың

ERNUR.KZ. Алматы облысының әкімі қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылындағы тәртіпсіздік "ұлтаралық негізде" туындады деген тұжырымды жоққа шығарды, деп жазады zakon.kz.

Оның сөзіне қарағанда, бәз-біреулер оқушылардың төбелесін пайдаланып, "қоғамдық тәртіпті бұзған".

"Балалар дәлізде ілінісіп қалып, төбелескен, кішкене салдары болған. Бірақ ол баланың жағдайы тәуір. Басына тас тиген сол баланың атасы [жанжалдан зардап шеккен екінші адам] ауруханадан шығарылды. Екі отбасы өзара кездесіп, келісімге келді. Бірақ осы жағдайды пайдаланған адамдар жиналып, көшелерде жүріп, қоғамдық тәртіпті бұзған, тас лақтырған, олардың барлығы назарға алынды... Біз құқықтық баға бердік. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жазаланады", – деді 11 қараша күнгі брифинг кезінде облыс әкімі Амандық Баталов.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетіне қарасты басқарма жетекшісі Әсет Оспанов Пенжімдегі оқиға "ұлтаралық негізде" туындады деп мәлімдеген. Азаттық тілшісі Баталовтан сол жөнінде сұраған.

"Балалар ілінісіп қалып төбелескен. Ол қалай ұлтаралық жанжал болады? Әкім ретінде бар жауапкершілікті мойныма алып, айтарым: ол жерде ондай нәрсе болмады. Ұлтаралық жанжал емес", – деді Баталов.

27 қазанда Пенжімдегі мектепте оқушылар арасында төбелес болып, 16 жастағы оқушы зардап шеккен. Одан кейінгі тәртіпсіздік кезінде 53 жастағы азамат жарақат алды. Жанжал кезінде бір топ адам бірнеше үй мен көліктердің терезесін сындырған. Үйлер де өртенген.

Полиция оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс – "Екі және одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру" және "Бұзақылық" баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Бірақ ұсталғандар жайлы ақпарат бермеді.

Ресми билік жанжалдың "ұлтаралық сипатын" жоққа шығарды. Оқиғадан кейін бір апта өткен соң пікірін айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанжал мен одан кейін туындаған тәртіпсіздікті "мектептегі кәдімгі төбелес" деп атады. Ол "халық бірлігіне, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекетке" құқық қорғау органдары қатаң шара қолданатынын ескертті.

Бұған дейін кейбір сарапшылар "билік бұл жолы да оқиғаны ұлтаралық мәселеден барынша алыстатып, проблема барын мойындамай отыр. Бұл расында да "ауруын айтпаған өледінің" кері. Себебі проблеманы нақты анықтамай, оған баға бермей, оның шешімін басқа жақтан іздей береміз" деп айтқан еді.