Ата-анасы бала толық жазылмайынша, кешірім бермейтінін мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Пенжім ауылында болған жаппай төбелес кезінде жарақат алған жасөспірімнің денсаулығы оңалып келеді. Алайда ата-анасы бала толық жазылмайынша, кешірім бермейтінін мәлімдеді, деп жазады ktk.kz
Жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы жеткіншектің жағдайы оңалып, жалпы палатаға ауыстырылды. Ал арнайы құрылған штаб ауылда түсіндіру жұмысына қызу кіріскен.
Күлшаш Серікбаева неше күннен бері ауруханың алдын торып жүр. Ұлы Нұрболдың басына ота жасалғанда өзін қоярға жер таппады. Бес баланың кенжесінің мұндай төбелестерге осыған дейін қатысы болмаған дейді анасы. Ал оны осындай күйге түскенше, тепкілегендерді кешіруге әзір дайын емес.
"Мұндай төбелеске қатысып көрген емес. Осыған қалай кіріп кеткен, көпшіліктің арасына. Екі жақ бір-бірімен татуластық. Келіп жатыр олар. Оларға өкпем жоқ. Бірақ балам аяғынан тік тұрып, қалпына келгенше мен ешкімге кешірім бермеймін. Балам аяғынан тұрсын. Одан кейінгі емі қалай болады? Соны көремін. Басына ота жасалып отыр. Басына пластмасс салынды", - дейді Күлшаш Серікбаева.
10-сынып оқушысы Нұрболдың беті бүгін бері қарады. Ақ халаттылар соққыдан ұйып қалған қанды басын тіліп шығарған.
"Бүгін жалпы тексеріс болып, жағдайының бір қалыпқа келгенін ескердік. Жарақатты емдейтін бөлімге ауыстырылды. Жағдайы бір қалыпты. Есін анық біледі. Тамақты өзі ішіп жатыр. Жалпы мұндай науқас кемінде екі апта жатуы керек", - дейді Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ерболат Бегембеков,
Пенжімдегі оқушылар төбелесінен соң штаб құрылған болатын. Ауылдағы мыңнан аса бала оқитын жалғыз мектепте түсіндіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұғалімдер тәртіпке қатысты әңгімені сабақтан тыс уақытта да жүргізеді.
Қазір мектеп оқушылары қалыпты жағдайда сабақ оқып жатыр. Сынып жетекшілері мектеп психологымен бірлесіп әр сыныпта түсініктеме жұмысын кезең-кезеңімен жүргізеді. Сабақтан тыс уақытта кесте құрылған. Кестемен оқушылар шақырылып, қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Қазір оқушылар арасында ондай кикілжің жоқ. Барлығы бір-бірінен кешірім сұрады. Балалардың қарым-қатынасы қазір жақсы", - дейді А.Розыбакиев атындағы мектеп директорының орынбасары Нәзира Қалыбаева.
Оқушылар арасындағы төбелестен соң, жаппай текетірес ауыл жастары арасында жалғасқан болатын. Сынған терезе, бүлінген көліктер бар. Осы оқиғаға қатысы барлардың бәрі қазір іздестіріліп жатыр. Тергеу амалдары басталып кеткен. Ал ауылдағы тәртіпті полиция бақылауда әлі ұстап отыр.