Петропавлдағы апат: Машинист әйелдің денесі табылды

0
872

Артында 15 жастағы баласы және күйеуі қалды.


Петропавлдағы апат: Машинист әйелдің денесі табылды

ERNUR.KZ Петропавл қаласында мұржасы опырылып құлаған жылу электр станциясы аймағында үйінділер арасынан 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қаза тапқан машинист әйел қазандық цехында жұмыс істеген. Қазандықты бақылауға жауап берген. Артында 15 жастағы баласы және күйеуі қалды. Ол да жылу электр станциясында жұмыс істейді.
Төтенше жағдай орнында екі күн бойы іздестіру жұмыстары жүргізілді. Мұржаның қалған конструкциясының құлап кету қаупі болған. Сол себепті үйінділерді техникамен емес, қолмен қопаруға шешім қабылданған болатын.

Бұған дейін төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Қамалов іздестіру шараларына кинологиялық қызмет тартылғанын айтқан. Иісшіл иттің көмегімен іздестіру аймағы анықталды. Құтқарушылар машинист-оператор отырған аумақтың 50 шаршы метрін аршып шықты. Ал үйінділердің жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрады.

Айта кетері, соңғы бір жылдың ішінде Петропавл қаласының ЖЭС-2 аумағында екі адам жарақат алды. Екеуі де қайтыс болды. 2021 жылы қаңтар айында бір жұмысшы күл кетіру қазандығын тазартқанда қатты күйіп, қайтыс болды. Денесінің 80 процентін күйік шалды.

Ал желтоқсан айында қазандық цехының су құбыры жарылып кетті. Сол кезде мердігерлік компанияның маманы буға күйіп, ауруханаға түсті. Денесінің 40 процентін күйік шалған. Артынан оны Омбы қаласының күйік орталығына ауыстырған. Бірақ қаңтардың басында пациент алған жарақатынан көз жұмды.

ЖЭС-тегі төтенше жағдай

20 наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Соның салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысын тоқтатуға тура келді. Бүгін ЖЭС-2 директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Петропавл тұрғындары, тіпті, ЖЭС-2 жұмысшылары апаттың болжауға болатынын айтып отыр. Себебі цемент түсіп, мұржаның жанындағы тесіктерден түтін шығып тұрған. Алайда "Орталық Азия электрэнергетикалық корпорациясы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов та оқиға орнына барған. Ол апаттың алдын ала белгілері болмады деп отыр. Бір мұржа 1961 жылы пайдалануға берілген болатын. Ал күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы атқарылды. Талап бойынша әрбір бес жыл сайын тексеріс жасалады. Келесі жылы оны тағы жөндеу жұмыстары атқарылады деген жоспар болды.
Бұдан бөлек, тағы екі мұржа бар. Екі мұржа 1965 жылы, ал 3 мұржа 1977 жылы іске қосылған. Екеуі де соңғы рет 2018 жылы тексерістен өтті. Мамандардың айтуынша, осы екі мұржаның құлап кету қаупі жоқ.