Полицейлер жыл басынан бері 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген

0
187

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес тура баса айтқан болатын.


Полицейлер жыл басынан бері 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген

ERNUR.KZ. Есірткі мәселесі – кез келген қоғам үшін күрделі әлеуметтік және құқықтық проблема. Қазақстан да бұл қатерге қарсы жүйелі түрде күрес жүргізіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар, құқық қорғау органдарының жұмысы, әлеуметтік бастамалар мен халық арасында алдын алу шаралары арқылы есірткі қолдану мен таралуына тосқауыл қоюға тырысуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес тура баса айтқан болатын.

«Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады» деген болатын Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Осы орайда Қазақстан есірткіге қарсы күресті күшейту мақсатында бірнеше маңызды заңдар мен бағдарламаларды қабылдады. Негізгі құжаттарға мыналар жатады:

  • "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі" – есірткі заттарын заңсыз сақтау, тарату және өндіруге қатысты қатаң жаза қарастырылған.
  • "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі" – есірткіні заңсыз тұтынуға және оны насихаттауға байланысты айыппұлдар мен әкімшілік шаралар көрсетілген.
  • "Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама" – бұл бағдарлама есірткі саудасын бақылау, нашақорлықтың алдын алу және емдеу шараларын қамтиды.

Полиция мен арнайы қызметтердің жұмысы, нақтырақ айтар болсақ, құқық қорғау органдары есірткі бизнесіне қарсы белсенді күрес жүргізуде. Қазақстанда Жыл сайын есірткі тасымалдау арналарының жолын кесу бойынша арнайы операциялар өткізіліп жатқанын айта кету керек. Халықаралық ұйымдармен бірлескен шекаралық бақылау күшейтілген. Интернетте есірткі сататын платформаларды бұғаттау жұмыстары да қарқынды жүргізіледі. Әсіресе, жасанды есірткі өндіретін жасырын зертханаларды жою бойынша шаралар қабылданады.

Мәселен, ағымдағы жылдың екі айында ішкі істер органдары 1,5 мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығын анықтаған. Оның 600-ден астамы – қылмыстық құқық бұзушылықтар. Бұл туралы орталық коммуникациялық қызметтер алаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеген болатын.

Аталған комитет төрағасының сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда есірткі қолдауға қарсы күрес жұмыстарының нәтижесінде шамалы өсім бар.

«Есірткі қылмысы - қылмыстың жасырын түрі. Сондықтан екі айдағы статистика есірткі қылмыстарының да өскенін көрсетеді. Осылайша, заңсыз айналымнан есірткі заттары көбірек алынып тасталды және олар түпкілікті тұтынушыға жете алмады», – деді Қуандық Әлжанов өз мәдімдемесінде.

Сонымен қатар, Қуандық Әлжанов жыл басынан бері еліміздің ішкі істер органдары 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркіленгендігін, атап айтқанда 120 келі есірткінің синтетикалық түрі, 140 келіден астам гашиш, 600 грамм кокаин бар екендігін де айтты. Сондай-ақ ішкі істер органдары өз жұмысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті, кеден қызметтерімен өзара іс-қимыл жасайтынын, есірткі құралдарын контрабандалық әкелудің жолын кесу жөнінде шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Нашақорлықтың алдын алу мақсатында елімізде бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда екендігін де айта кету керек. Осы орайда, мектептер мен ЖОО-ларда түсіндіру дәрістері өткізіліп те жатыр. Есірткіге қарсы қоғамдық акциялар мен флешмобтар ұйымдастырылады. Медициналық және психологиялық көмек беру орталықтары ашылды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ақпараттық науқандар жүргізіледі.

Нашақорлықтан зардап шеккен адамдарға да көмек көрсету жұмыстары қарқынды және жүйелі түрде атқарылып келеді. Есірткіге тәуелдіоіктен арылып, біржола құтылуға арналған оңалту орталықтары жұмыс істейді. Бұл проблемаға тап болғандар үшін психологтар мен наркологтардың тегін кеңестері де елімізде қолжетімді. Сол сияқты, ерікті түрде емделуге шақыру бағдарламалары бар.

Қазақстанда есірткіге қарсы күрес кешенді түрде жүргізілуде. Заңнаманы күшейту, алдын алу шараларын арттыру, құқық қорғау органдарының белсенділігі және реабилитациялық бағдарламаларды дамыту арқылы мемлекет есірткінің таралуын тежеуге күш салуда. Қоғамның бұл мәселеге бей-жай қарамауы және әрбір азаматтың жауапкершілігі есірткімен күрестегі маңызды фактор болып отыр.