Рудныйдағы егіз балалардың жұмбақ өлімі: оқиғаға қатысты тың деректер жарияланды

0
405

Балалар өлімінің белгісіз себебі жалған ақпараттың таралуына себеп болған.


Рудныйдағы егіз балалардың жұмбақ өлімі: оқиғаға қатысты тың деректер жарияланды

ERNUR.KZ. Қостанай облысында дәрігерлер екі ұлдың өлімінің мән-жайын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Костанайские новости» басылымының жазкынша, өңір тұрғындарының аталған қайғылы оқиғаға қатысты түрлі жалған ақпарат тарата бастаған.

Белгілі болғандай, балалар 2016 жылы дүниеге келген. Қазіргі кезде қайғылы оқиғаның себептері анықталып жатыр. Балаларды жедел жәрдем қалалық ауруханаға жеткізген, олардың «аяғы әлсізденіп, бойын тік ұстай алмай ұйқышыл күйге енгені және эмоционалдық тұрақсыздықта» болғаны айтылды.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, балаларға инфузионды терапия жүргізілді. Зертханалық және клиникалық зерттеулерде ешқандай ауытқу байқалмады. Балалардың жағдайы жақсарған соң анасының талап етуімен келесі күні шығарылды. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық болды, ойнап жүрді», - делінген ақпаратта.

Балалар ауруханадан шыққан соң 12 сағаттан кейін көз жұмған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы тек өлім дерегін тіркеген.

«Токсикологиялық сараптама тағайындалды. Улы заттармен улану дерегі жоққа шығарылмайды. Қажетті материалдар алынды. Токсикологиялық сараптаманың қорытындысы екі аптадан кейін белгілі болады», - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасы ата-аналардың балаларын ауруханаға жатқызудан жазбаша түрде бас тартуға құқығы бар екенін айтты.

«Ешкімді мәжбүрлі түрде ұстауға құқығымыз жоқ. Ауруханадан шығарылған сәтте балалардың өміріне еш қауіп төніп тұрмаған болатын», - деді ведомство өкілдері.

Балалар өлімінің белгісіз себебі жалған ақпараттың таралуына себеп болған. Бейтаныс адам көшеде егіз ұлға кәмпитке оралған есірткі беріп кеткен деген қауесет тараған. Алайда Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі есірткіден улану туралы ақпараттың расталмағанын хабарлады.

Айта кетерлігі, ауруханаға түскенде балаларға «удан немесе күшті әсер ететін заттан белгісіз этиологиялы ауыр улану» деген алдын ала диагноз қойылған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, қайғылы оқиға 12 қазанда болған. Балалардың анасы үйінде тағы бір баласы қараусыз қалғандықтан, ауруханадан шығару туралы өтініш жазған деп хабарланды.