Самал Еслямованың жеңісі туралы Президентке 5 күн кешіктіріп хабарладық - Мұхамедиұлы

0
1 130

Ол биылғы жылдың басты жаңалығы – актриса Самал Еслямова екенін айтты.


Самал Еслямованың жеңісі туралы Президентке 5 күн кешіктіріп хабарладық - Мұхамедиұлы

ERNUR.KZ. Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет үйінде министрліктің 2018 жылғы жұмысын қорытындылады. Ол биылғы жылдың басты жаңалығы – актриса Самал Еслямова екенін айтты, деп жазады Baq.kz.

«Тағы бір маңызды, бірегей оқиға – Самал Еслямованың Канн кинофестивалінің («Айка» фильміндегі үздік әйел рөлі-авт.ескерт.) басты жүлдесін алуы. Салыстыру үшін айтсам, Кеңес үкіметі кезінде «Летят журавли» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Татьяна Самойлова көрермен көзайымына айналған болатын. Сол кезде бүкіл Кеңес Одағы актрисаның танымал болғанына қуанып, бұны Канн фестиваліндегі үлкен жетістік деген еді. Ал біздің Самал Еслямова үздік әйел рөлі үшін басты жүлде алды», - деді Мұхамедиұлы.

Министр осындай жағымды жаңалықты Мемлекет басшысына 5 күнге кешіктіріп жеткізгенін де айтты.

«Шынын айтсам, мен өзім сенбедім. Жұма, сенбі, жексенбіде – Еуроньюс, барлық арналарды қараймыз, мүмкін көрермен көзайымына айналған шығар, мүмкін қазылар алқасының жүлдесін алған шығар, бірақ біздің актрисаның басты жүлдені алуы мүмкін емес дедім. Бүкіл министрлік болып тамашаладық», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр Канн фестиваліне «бұл шынымен де басты жүлде ме, растаңызшы» деп сауал жібергенін де айтты. Олар «біздің сайтты ашыңыз, сол жерде барлық ақпарат бар» деп жауап жазған екен.

«Біз сол кезде ғана сенімді болдық. Тек сейсенбі күні ақпарат бердік, себебі, шынын айтсақ, бұл өте үлкен жетістік. Посткеңестік елдердің ешқайсысы Канн фестивалінің осындай жоғары наградасына ие болған жоқ. Бұны өнер саласындағы Нобель сыйлығына теңеуге болады. Сіздер Нобель сыйлығы әдебиет үшін берілетінін білесіздер, ал өнер саласындағы ең жоғары награда – Канн фестиваліндегі үздік рольдер үшін берілетін жүлделер. 3-ші қаңтар күні Самал Еслямова мен режиссер Сергей Дворцевой Лос-Анджелеске ұшады. Себебі, «Айка» фильмі шорт-тізімге («Оскар» сыйлығының –авт.ескерт) іліккен болатын. Ендігі біздің міндетіміз – осы фильмнің алға қарай жылжуы. Біз Дворцевоймен күнделікті хабарласып, барлық бірлескен әрекеттерімізді үйлестіріп тұрамыз. «Айка» фильмі беделді «Оскар» сыйлығының номинанты болады деген сеніміміз мол», - деді Мұхамедиұлы.