Микроавтобустың соңынан еріп жүрген полиция департаментінің экипажы балаларды бірден эвакуациялаған.
ERNUR.KZ. СҚО-да полицейлер өртке оранған микроавтобустың ішінде болған 11 баланы құтқарды, деп жазады stan.kz.
Оқиға сейсенбі күні сағат 17:10-да Солтүстік Қазақстан облысындағы Рощинское аулының маңында орын алған. «ГАЗель» жолаушылар микроавтобусы өртке оранған. Көлік ішіндегі балалар Петропавлдан Тайынша аудан орталығына бара жатқан. Жүргізуші көліктің моторлы бөлігінен түтін шығып жатқанын көріп, тоқтаған. Микроавтобустың соңынан полиция департаментінің экипажы аға лейтенант Жігер Балтабай мен аға сержант Батырхан Молдажанов қызметтік көлігімен еріп жүрген екен.
Олар бірден балаларды микроавтобустан эвакуациялаған. Сонымен қатар өрт сөндірушілерді шақырып, өздері өрт сөндіргіш құралдың көмегімен жалынды сөндіруге кіріскен. Алайда желдің салдарынан көлік қатты жалындап, полицейлер мен жүргізушілер өртеніп жатқан микроавтобусты жолдан әрі қарай итеріп тастапты.
Хабарланғандай, полицейлер Рощинское аулына эвакуацияланған балаларды басқа көлікпен үйлеріне жеткізген.