"Спутник V" жасаушылары екі компоненттің арасы қанша күн болуы керегін әлі зерттеп жатыр

0
549

Корреспонденттің ресми сұрауына жауап ретінде әзірлеушілер ең тиімді аралық 21 күн екенін хабарлады.


ERNUR.KZ. Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Николай Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы "Спутник V" вакцинасының I және II дозасын салу арасындағы ең тиімді уақытты атады, деп жазады Tengrinews.kz.

Корреспонденттің ресми сұрауына жауап ретінде әзірлеушілер ең тиімді аралық 21 күн екенін хабарлады.

"Клиникалық зерттеулер шеңберінде Гам-КОВИД-Вак ("Спутник V") вакциналық препаратының алдымен I компонентті, 21 күннен кейін II компонентті қолдану кезіндегі тиімділігі мен қауіпсіздігі зерттелді. Қазіргі уақытта вакцина компоненттерін 21 күннен астам уақыт аралығында қолдану тиімділігі зерттеліп жатыр", - деп хабарлады орталық өкілдері.

Гамалея орталығы мамандарының деректері бойынша, еріктілер қатысқан клиникалық зерттеулер кезінде антиденелердің ең жоғары деңгейі I компоненттен кейін екіншісі 21 күннен соң салынған жағдайда 42-күні тіркелген.

"Гам-КОВИД-Вак вакциялық препаратының I және II компонентін салу аралығы ұқсас технологиялық платформа негізінде вакциналардың клиникалық зерттеулерінің деректеріне, сондай-ақ COVID-19 иммунологиясы саласындағы зерттеулердің әдеби деректерінің негізінде "21 күн" болып таңдалды. Жарияланымдарға сәйкес, COVID-19 жұқтырып, сауығып шыққан науқастардағы антидене титрлері 21 күн немесе одан да көп уақыттан кейін максимал мәнге жетеді", - деді орталықтағылар.

Еске салайық, мамырдың ортасында көптеген қазақстандық вакцинаның екінші компонентін 21-нші күні салдыра алмады, өйткені дәрігерлер бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына сүйене отырып оларға екпе жасаудан бас тартты.

Кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда "Спутник V" вакцинасының екі компонентін алу аралығы неге өзгергенін түсіндірді.

"Бізге Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының вакцина жасаушыларынан хат келді, онда: "Ресейде, Аргентинада және басқа елдерде Спутник V-мен жаппай вакцинациялаудан алынған мәліметтер негізінде аденовирус платформасында вакциналарды қолдану нәтижелері бойынша, бірінші және екінші компонент арасын ең аз дегенде 21 күннен 90 күнге дейін арттыруға болады", - деп жазылған.

Сондай-ақ, бұл жерде аралықтың ұлғаюы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейтіні, ал кейбір жағдайда күш пен ұзақтықтың артуына әкелетіні көрсетілген. Осы құжаттың негізінде біз санитар дәрігердің қаулысына осындай өзгерістер енгіздік", - деген еді Цой.