Су тасқыны: Ақтөбе облысындағы кейбір ауылдардың жойылып кету қаупі бар

0
395

Ойыл ауданына қарасты Қаратал және Екпетал ауылдарындағы түгелдей дерлік үйлер су астында қалды.


Су тасқыны: Ақтөбе облысындағы кейбір ауылдардың жойылып кету қаупі бар

ERNUR.KZ. Су тасқыны салдарынан Ақтөбе облысындағы бірқатар ауылдар картадан жойылып кетуі мүмкін, деп жазады stan.kz.

Ойыл ауданына қарасты Қаратал және Екпетал ауылдарындағы түгелдей дерлік үйлер су астында қалды. Жергілікті билік ауыл тұрғындарын облыс орталығына қоныстандыруды жоспарлап отыр.

Қаратал ауылының тұрғыны Серік Жолдығалидің баспанасын осымен екінші рет су шайып кетті. Былтыр оған өтемақы ретінде 3 миллион теңге берілген. Бұл қаражатқа ол үйіне жөндеу жұмыстарын жасап, ал жиһаздар мен тұрмыстық техникаларды ниесеге алған. Алайда биыл су тасқыны ақшаны да, еңбекті де еш етті.

“Үй, қора, барлық құрал-жабдықтар мен киім-кешек – бәрі су астында қалды. Тоңазытқыш, кір жуғыш машина, газ да ешетеңеге жарамайды. Ең өкініштісі, бұлардың ақшасын төлеу керек. Банк бұларды есептен шығарып тастамайды”, – дейді Серік Жолдығали.

Қаратал ауылында 200-ден аса үй бар. Ал оның тек 10-ы ғана аман. Қазір комиссия су тасқынынан болған шығынды есептеп жатыр. Осы уақытта тұрғындардың жартысы ауылды тастап, бірі туыстарының үйіне кетті, енді бірі эвакуациялық бөлімшелерге орналастырылды.

“Газ, жарық, су барлығын өшірідік. Өйткені бұл қауіпті. Ауылдың шетінде су тартқыш бар, әзірге сол жерден әкеліп жүрміз. Қазір ауылда көбіне ер адамдар ғана қалды. Олар қалған малды қарап, үйлердің қирандыларын жинайды.

Екпетал ауылын жиі су басатын болған. Көктем келе тұрғындардан маза кетеді. Ауыл тұрғындары табиғи апаттың салдарынан зардап шегіп, шығынға батпас үшін жергілікті билік оларды қауіпсіз жерге – Ойылға қоныстандырмақ. Аудан орталығының инженерлік инфрақұрылымы қазір 200 тұрғын үй салуға дайын.