Тағы бір қазақстандық компанияның мұнайшылары жұмыс істеуден бас тартты

0
2 422

Бұған дейін Көкжиде кен орнындағы "ҚМК Мұнай" компаниясының қызметкерлері ереуіл жасап, 25 қаңтардан бастап компанияның 100-ден аса қызметкері жұмыс істеуден бас тартқан болатын.


Тағы бір қазақстандық компанияның мұнайшылары жұмыс істеуден бас тартты

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында тағы бір мұнай компаниясының қызметкерлері жұмыс істеуден бас тартты. 29 қаңтардан Темір ауданындағы Башенкөл кен орнында еңбек етіп жүрген "АМК Мұнай" (қазақстандық кәсіпорын, "Ада ойл" корей компаниясының мердігерлері) компаниясының жұмысшылары наразылық шарасын жасады, деп жазады Tengrinews.kz.

"62 адамбыз. Бүгін вахтаға 40 адам шықты, оларды жолда үйлеріне қайтарды. Кен орны тұр. Мұнда операторлар, арнайы машиналардың жүргізушілері, зертхана қызметкерлері бар. Жалақы - 60 мың теңгеге жуық. Өткен жылдан бері бізге еңбекке қатысу коэффициенті ғана қосылды - жеті мың теңге. Бұл ақшаны бәрі бірдей алмайды. Себебі шағын бұзушылық болса бермей қояды. Вахта 15 күн. Біз жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етеміз, өтінішті басшылыққа бердік, олар "Ада ойл" компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр", - деді жұмысшылардың бірі.

Ереуілге шыққан мұнайшылар Мемлекет басшысына әлеуметтік желілерде видеоүндеу жасады.

"Жалақымызды 150 мың теңгеге дейін көтеруді сұраймыз. Біздің компаниядағы операторлар 67 мың теңге табады, бұл ақша отбасын асырауға, коммуналдық қызметтерді төлеуге, бағасы күннен күнге өсіп бара жатқан азық-түлікті сатып алуға жетпейді. Мереке күндері және түнгі ауысымдағы жұмыс төленбеді. Жалақыны көтеру - біздің жалғыз талап. Облыс әкімдігіне, еңбек инспекциясына, "Нұр Отан" партиясына жүгіндік, нәтиже жоқ, сондықтан сізге жүгінеміз, мәселеміз шешіледі деген үміттеміз", - делінген хатта.

Бұған дейін Көкжиде кен орнындағы "ҚМК Мұнай" компаниясының қызметкерлері ереуіл жасап, 25 қаңтардан бастап компанияның 100-ден аса қызметкері жұмыс істеуден бас тартқан болатын. Олар жалақыны 100 пайызға арттыруды және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті.