Бейнежазбаны журналист Тельман Бейсен парақшасына жүктеген
видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Журналист Тельман Бейсен әлеуметтік желідегі парақшасына мысықтың тұсауын кесіп жатқан екі бойжеткеннің видеосын жүктеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Журналистің айтуынша, олар салт-дәстүрімізді аяққа таптап, мазақ етіп отыр. Сондықтан, Тельман Бейсен жазғандай, салтымызды сақтайтын қатаң заң керек.
«Соңғы кезде елімізде ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді қорлаудың түр-түрі көбейіп кетті. Әлеуметтік желілерде ұлттың намысына тиетін небір құйтырқы, арсыз дүниелер қаптап жүр. Әзіл-қалжың дегеннің жөн-жосығы, шегі бар емес пе? Хайп қуғандар тым артық кетіп барады», - дейді журналист.
Бұл ретте автор тойда да сан түрлі ойын ойнатып, жұрттың күлкісі үшін арсыздыққа баратын тамадалар көбейген.
«Мұны тоқтатпасақ болмайды. Ең құрығанда, басты деген ұлттық құндылықтарымыздың атын атап, түсін түстейтін заң қабылдап, қатаң назарда ұстамасақ, мұның арты жақсылыққа апармасы анық», - дейді ол.
Ал, бейнежазбада мысықтың аяғына ала жіп байлап, артына «Тұсаукесер» әнін қосып қойып, үй жануарының тұсауын кескен екі бойжеткен оны тәй-тәйлап, алдына үш түрлі зат қойып қойған.