Жүргізушілердің бұлай наразылық білдіруіне төрт айдан бері жалақы көрмеуі себеп.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды. Соның салдарынан кеше 11 бағыт бойынша жүретін 71 автобус жолаушыларға қызмет көрсеткен жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жүргізушілердің бұлай наразылық білдіруіне төрт айдан бері жалақы көрмеуі себеп. Жолаушы тасымалымен айналысатын екі компанияның қызметкерлері жалақысын бұған дейін де талап еткен. Алайда басшылары құрғақ уәдемен уақыт созып келіпті. Телеарна тілшісінің мәліметінше, еңбекақыдан қағылған 100-ге тарта жүргізуші қазір қарызға белшесінен батқан. Ал әкімдіктегілер жұмысшыларын ақшасыз қалдырған қос серіктестік алдында берешегіміз жоқ деп сендірді. Сондықтан мәселенің неден туындағанын түсінбей дал.
"Екі кәсіпорынның жүргізушілері алдындағы берешегі Талдықорған қаласының әкімдіге түсініксіз себептермен пайда болды. Алматы облысы бойынша Еңбек инспекциясы басқармасы, Талдықорған қаласының прокуратурасы өкілдерінің және екі кәсіпорын басшылығы қатысқан кеңес өткізілді. Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпорындардың қызметін тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды", - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.