Талдықорғанда көліктерді заңсыз тіркеген топтың 21 мүшесі сотталды

0
258

Заңсыз тіркелген көліктер саны 1385-ке жеткен.


Талдықорғанда көліктерді заңсыз тіркеген топтың 21 мүшесі сотталды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Талдықорғанда бірнеше жыл бойы елге кіретін жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан бұрынғы арнайы ХҚКО қызметкерлері мен Алматы облысы мен Жетісу аймағы әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері сот алдында жауап берді, деп жазады stan.kz.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері деп танылған арнайы ХҚКО қызметкерлері мен Алматы облысы мен Жетісу аймағы әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері бірнеше жыл бойы елге кіретін жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысып, жалпы ақпараттық жүйеге алғашқы тіркеу салығының төленгені туралы жалған деректер енгізген. Салдарынан заңсыз тіркелген көліктер саны 1385-ке жеткен. Мемлекетке келтірілген шығын 9 миллиард теңгеден асты.

Қылмыстық істі қарау төрт айға созылып, іс материалдары 270 том болды.

“Қарасай ауданында келтірілген жалпы шығын – 5 миллиард 600 миллион теңге, ал Жетісу облысы, Сарқан ауданында – 3 миллиард 787 миллион теңге”, – деді Жетісу облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.

Сотталушыларға 2 жылдан 12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, олар оны апелляцияға бере алады.