Күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Үкіметке Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі Жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Жоспардың жобасында қауіпсіздікке, азаматтар мен бизнес субъектілерін жан-жақты қолдауға және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға арналған бірқатар шұғыл әрі қысқа мерзімді шаралар қамтылған. Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады», - деді Ә. Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы жоспардағы Ішкі істер министрлігіне қатысты тармақтардың барлығы өте маңызды әрі олар сапалы және жедел орындалуы тиіс.
«Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктік қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай аяқталғанша шегерілді», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын таныстырылды. Талқылаудан кейін құжат жобасы бекітілді.