Олардың төрт айда 13 млн теңге кіріс алғаны дәлелденді.
ERNUR.KZ. Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қалалық департаменті әлеуметтік желіде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың әрекетін тоқтатты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ведомство мәліметінше, Алматы тұрғындары TikTok әлеуметтік желісінде ақша алу және ұтыстарды банк аударымдары арқылы беру арқылы онлайн құмар ойындарын ұйымдастырған.
«Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілерде 4 ай ішінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 13 миллион теңгеге жуық сомаға аса ірі көлемде кіріс алғаны дәлелденді. Алматы қаласының екі тұрғыны кінәлі деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген ҚМА хабарламасында.
Сонымен қатар сот заңсыз ойын бизнесі саласында аса ірі көлемде кіріс алу арқылы осыған ұқсас құқықбұзушылық жасаған 4 тұлғаға қатысты істі қарап жатыр.
«Құрметті азаматтар! Әлеуметтік желілерде құмар ойындар ұйымдастыру заңсыз және ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының нормаларына қайшы келетінін естеріңізге саламыз», - деді ҚМА өкілдері.