Тіс емдеткеннен кейін қайтыс болған бүлдіршіннің анасы Цойдың жауабына наразылығын білдірді

0
640

Елордалық стоматологияда тісін емдеткен қаршадай қыз бір жарым жылдай комада жатып, салдарынан есін жимастан қайтыс болды.


Тіс емдеткеннен кейін қайтыс болған бүлдіршіннің анасы Цойдың жауабына наразылығын білдірді

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Осы оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме беріп, қыздың ата-анасының стоматологиялық клиникаға ешқандай арызы жоқ екенін айтқан болатын. Дегенмен дәрігер салғырттығынан қаза болған қыздың анасы Анастасия Зеленая Instagram-дағы парақшасында оны жоққа шығарып, шын мәнінде қалай болғанын айтты, деп жазады baq.kz.

Оның сөзінше, бұл сөзді ол қызының көзі тірісінде сот залында айтқан. Сол кезде қыздың өліміне кінәлі «Доктор Бро» стоматологиясының директоры оған қызының еміне ақша беріп отыру туралы қолхат берген екен. Ал іс жүзінде сол қолхаттағы соманың 1 млн теңгесін ғана төлеп, қалғанын төлемей қойған.

"Денсаулық Сақтау министрлігінің «біздің қызымыздың қазасынан кейін стоматологиялық клиникаға еш талап-арызымыз жоқ» деген ресми жауабын оқып, төбе шашым тік тұрды. Сіздер шынымен солай ойлайсыздар ма? Иә, біз сотта солай айтқан болатынбыз. Бірақ ол кезде жағдайдың басқаша болғанын ескерген жөн. Алисаның ауруханада жатқанына бірнеше ай өткен еді. Дәрігерлер біраз уақыт керек екенін, ол комадан оянатынын айтты. Бізге шетелдік дәрігерді шақырту үшін қаражат керек болды. «Доктор Бро» стоматологиясының директоры Әйгерім Шалбасова қызымыздың емі үшін ақша төлеп отырамын деп уәде етті. Ол стоматология лицензиясынан айыратын болса, қыздың еміне ақша бере алмай қалатынын айтты. Бұдан бөлек ол 10 млн теңге төлеймін, ай сайын бір жыл ішінде төлеп отырамын деп қолхат жазып берді. Екі ай 500 мыңнан төледі, сосын төлемей қойды. 8 ай өткен соң біз қолхат негізінде сотқа арық бердік. Сот бізді қолдады. Сот орындаушы олардың шоттарын бұғаттады. Дегенмен олар қарсы арыз жазып, шешімнің күшін жоюды талап етті", - деді ол.

Анастасия Зеленая балаға келгенде ешқашан үнемдемейтінін, сол кезде мықты деп танылған клиникаға апарғанын айтады. Ол ем құны қымбат болса, демек өз ісінің шеберлері істейді деп ойлағанын айтты.

"Стоматологияға арызым бар. Дәрігер қателігі салдарынан бала қайтыс болды. Біз балаға келгенде ешқашан ақша үнемдемейтін едік, елорданың сол кездегі ең мықты деген стоматологиясын таңдадық. Емнің құны 300 мың болды. Егер қымбат болса, демек өз ісінің шеберлері істейді деп ойладық. Алайда іс жүзінде олай емес болып шықты. Біздің жағдайымызға кез келген адам тап болар еді. Мен қызымды құтқарып қалғым келді. Оның өлетініне сенгім келмеді. Дәрігерлердің ісінен кейін қызымның қандай жағдайда жатқанын келіп көру керек еді. Ол өзіне ұқсамай қалған. Беті ісініп кеткен. Барған кезде тіпті бетін ашпауға тырысатын едік. Қызымды кері қайтару үшін кез келген сомадағы ақшаны берер едім. Ішімдегі азабымнан айқайлағым келеді. Әлі де оның жоқтығына сене алмаймын. Мен сот-медициналық сараптама жасатпадым. Себебі оны одан әрі қинағым келмеді. Баланың көрмегені жоқ", - деп ашынды ол.

Ол стоматологтың қызына Пропофол препаратын еккенін, кейіннен дәрігерлер оны салғанын мойындамай отырғанын, оның 7 жасқа дейінгі балаларға қолдануға тыйым салынған препарат екенін айтты. Сонымен қатар қыздың анасы Денсаулық сақтау министрімен кездесіп, барлық мән-жайды айтып түсіндіргісі келетінін атап өтті.

"Менің осыған дейін істегенімнің бәрі бекер болды ма? Демек, менің ешқандай арызым жоқ па? Екі түрлі жағдай болады. Біріншісінде бала тірі болса, ата-ана соңғы минутына дейін оның жазылып кететініне сенеді. Екіншіден қайтыс болған бала. Қазақстан денсаулық сақтау министрі мырза, Сіздіңше, бұл екеуі де бір жағдай ма? Сізбен кездесейік, болған жағдайды менің өз аузымнан естіңіз. Мен аурухана құжаттарын көрсетемін және дәрігерлердің ең алдымен Пропофол (7 жасқа дейінгі балаларға қолдануға тыйым салынған препарат) салдық деген сөздерін жеткіземін. Сосын олар бұл сөздерін жоққа шығарып, аталған препаратты стоматологиядан алып кетті. Оған қоса убестизин препараты тағы бар (4 жасқа дейінгі балаларда қолдануға тыйым салынған)", - деді ол.

Анастасияның айтуынша, ол Сапаны бақылау өкілдеріне «Стоматологияны лицензиясынан айырсақ не болады?» деген сауал қойған. Бірақ алған жауабы көңіл көншітпеген.

"Сонда бұл адамдарды лицензиясынан айыру үшін менен не керек болды? Сапаны бақылау өкілдеріне «Оларды лицензиясынан айырсақ не болады?» деген сауалыма олар «Ештеңе болмайды! Жаңа ЖШС ашып, әрі қарай жұмыс істей береді» деді. Бұндай жағдайда мен не істеуім керек еді. Қызымды құтқаруға тырысуым керек пе еді? Әлде олар жаңа ЖШС ашып, әрі қарай жұмыс істеуі үшін клоунада ұйымдастыруым керек пе еді? Тағы бір айта кететін мәселе, бұл клиника мемлекеттік көмектің қолдауымен ашылған. Клиника директорының айтуынша, оның барлық мүлкі мемлекеттің кепілінде тұр", - деді ол.