Талқылау қорытындысы бойынша сенаторлар төтенше жағдайлар жөніндегі комитет бөлімшелерінің жергілікті атқарушы органдармен жұмыстарында үйлесімнің жоқтығын, сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттердің және жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс басқармалары, әкімдіктердердің авариялар мен табиғи апаттарды ескерту және зардаптарын жою ұйымдары міндеттерінің қосарлануы туралы атап өтті.
ҚР Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті өткізген кездесуде Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің төрағасы Владимир Беккер адамдар көп келетін нысандардың өрттен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары және осы саладағы өзекті мәселелер туралы депутаттарды хабардар етті,-деп хабарлайды ERNUR.KZ Сенаттң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитет төрағасы Дариға Назарбаева көрші елдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты тұрғындар қауіпсіздігіне, әсіресе балаларды түрлі қатерден қорғауға баса назар аударылып отырғанын атап өтті
Сенаторлар адамдар көп жиналатын әлеуметтік инфрақұрылымдар меншік иелерінің өрттен қауіпсіздік талаптарын бұзғаны және сақтамағаны үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мұндай нысандарды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша өрт жағдайына міндетті сақтандыруды енгізу ұсынылды. Білім және ғылым министрлігіне жалпы білім берудің бастауыш және орта білім бағдарламасына өрттен қауіпсіздік ережелерін оқыту және төтенше жағдайлар болған кезде дұрыс әрекеттер жасауға дағдыландыруды қосу мүмкіндігін пысықтау ұсынылды. Депутаттар сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың қызметін лицензиялауды қайтаруды да ұсынды.
Талқылау қорытындысы бойынша сенаторлар төтенше жағдайлар жөніндегі комитет бөлімшелерінің жергілікті атқарушы органдармен жұмыстарында үйлесімнің жоқтығын, сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттердің және жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс басқармалары, әкімдіктердердің авариялар мен табиғи апаттарды ескерту және зардаптарын жою ұйымдары міндеттерінің қосарлануы туралы атап өтті. Сенаторлар тиісті қызметтердің әкімшілендіру жүйесіне реформа жүргізуді және жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын нашар жүргізгені үшін жауаптылығын күшейтуді ұсынды.
Бүгінгі таңда авариялық-құтқару міндетін бәсекелестер ортасына беру, ал РМК-ны жеке қолға беру туралы шешім қабылданды. Тұрғындардың, стратегиялық маңызы бар ірі өндіріс нысандарының қауіпсіздігі мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты, мұқият зерделеуді және бақылауды талап ететіндіктен депутаттар қауіпті өндіріс нысандарын авариядан ескерту және оның зардаптарын жою жөніндегі бірыңғай мемлекеттік қызмет – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын сақтау, оны жекешелендіруге жататын ұйымдар тізімінен алып тастауды ұсынды. Қазіргі кездегі бәсекеге қабілетті нарықта сапалы балама қызмет әзірге құрылған жоқ. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жеке компаниялардың тиісті тәжірибесі де, өнеркәсіп орындарындағы төтенше жағдай орын алғандай болғанда дұрыс көмек беретін жабдықтары да жоқ. Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберілетін болды.