3 қазан күні оның жағдайы күрт нашарлап, Өскемендегі ауруханаға жатқызылған.
Фото: Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Түркиядан үш апта бұрын экстрадицияланып, Өскемендегі тергеу изоляторына қамалған бұрынғы құқық қорғау органының қызметкері көз жұмды. Бұл жағдайды Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті ресми түрде растады, деп жазады inbusiness.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдегендей, Өскемен қалалық ауруханасында тергеудегі азамат кенеттен қайтыс болған.
"Алдын ала болжам бойынша, өлімнің себебі – қос өкпе артериясының тромбоэмболиясы (тамырдың бітелуі). Бұл факт бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр", – делінген ресми ақпаратта.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 3 қазан күні ол өзін жайсыз сезінгенін айтқаннан кейін жедел жәрдем шақырылып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Алайда 7 қазанда кенеттен көз жұмған.
Осыған дейін Бас прокуратура Түркиядан заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен бұрынғы құқық қорғау қызметкерінің экстрадицияланғанын хабарлаған еді.