Тұтынушылық тауарларға қатысты жаңа техникалық регламенттер қабылданды

0
147

Бұл ретте тауарларды сынау және сертификаттау зертханаларда жүзеге асырылады.


Тұтынушылық тауарларға қатысты жаңа техникалық регламенттер қабылданды

ERNUR.KZ. Елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Бүгінгі таңда ЕАЭО шеңберінде айналымдағы өнімнің 85%-дан астамын қамтитын 47 техникалық регламент қабылданды. Айналымдағы өнімнің шамамен 15%-ы ұлттық деңгейде реттеледі. ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова ОКҚ алаңында техникалық реттеу саласындағы жаңашылдықтар жайында баяндады.

Оның хабарлауынша, техникалық реттеудің басты міндеттеріне тұтынушыны азаматтардың денсаулығы мен өміріне зиян келтіретін өнімдерден қорғау, қазақстандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын арттыру тетіктері жатады. Ішкі нарықта тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыру мыналар арқылы жүзеге асырылады: техникалық регламенттерде өнімнің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды белгілеу, өнімнің сапасына және стандарттардағы сынақ әдістеріне қойылатын талаптар.

Бұл ретте тауарларды сынау және сертификаттау зертханаларда жүзеге асырылады.

«2024 жылы нарықта өнімнің жаңа түрлерін қамту үшін 7 техникалық регламентке өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке «хош иісті ойыншық», «жұмсақ ойыншық», «сылдырмақ» сынды терминдер қосылды. Сонымен қатар 3 жасқа дейінгі балалар ойыншығына табиғи жүн, табиғи былғары қолдануға жол берілмейді», – деді спикер.

Парфюмерлік-косметикалық өнімдерге арналған техникалық регламентте бұрын болмаған талаптар белгіленген. Мысалы, 14 жасқа дейінгі балаларға арналған косметиканы пайдалануға қатысты міндетті жіктеу енгізілді. Сондай-ақ тауардың тұтынушылық қасиеттерін сақтау мақсатында косметикалық өнімдерге арналған «қайталама қаптама» деген ұғым енгізілді. Балалардың жарақаттануына жол бермеу үшін Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спорт жабдықтарына арналған техникалық регламентті әзірлеу басталды. Техрегламент футболға, мини-футболға, гандболға, хоккейге арналған қақпаларға қойылатын талаптарды белгілейді.

Сондай-ақ көмірге қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық регламентті әзірлеу аяқталуда. Техрегламент көмірдің сапалық сипаттамалары мен сұрыптарына арналған нормаларды қамтиды. Сонымен қатар сапасы төмен отынды сатып алу кезінде халықтың құқықтарын қорғау үшін құқықтық негіздер белгіленді.