Үкімет басшысы санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

0
749

Премьер-Министр мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, адамдардың көп жиналуына жол бермеуді және ауырғандарды уақытылы оқшаулауды тапсырды.


Үкімет басшысы санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ведмствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы баяндады. Бұған дейін жасалған болжамдарға сәйкес, барлық өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалады. Жыл басынан бері індетті жұқтыру деңгейі 21 есеге өсті.

«Сары аймақта» орналасқан Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы «қызыл аймақта» тұр. Тәулігіне вирустың ең көп таралу жағдайы елордада, Алматы қаласында, Қарағанды және Атырау облыстарында тіркелген. Үкімет басшысы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған қосымша шектеу шараларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ете отырып, барлық өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауды тапсырды.

«Негізгі алдын алу шаралары – бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты ұстану – бұлжытпай сақталуы керек. Адамдар санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы, аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын түсінулері керек», — деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министр мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, адамдардың көп жиналуына жол бермеуді және ауырғандарды уақытылы оқшаулауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге науқастардың саны ұлғайған жағдайға ауруханаларда қосымша төсек-орын қорын дайындау тапсырылды. ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерге, әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарына олардың санын арттыру тапсырылды.

«Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакцинациялау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, әкімдер бұл мәселеге дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты жеделдетсін», — деді Ә. Смайылов.