Ұлытау облысында баланы ұрған балабақша тәрбиешісі жазаланды

0
198

Әйел адам 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды.


Ұлытау облысында баланы ұрған балабақша тәрбиешісі жазаланды

Фото: НИИДПО

ERNUR.KZ. Ұлытау облысында балаға қол көтерген балабақша тәрбиешісіне сот үкімі шықты, деп жазады inbusiness.kz.

Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, әйел адам 2023 жылдың 18 қазанында балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа тұрған.

Тәрбиеші өзінің қызметтік міндеттерін орындау барысында балалармен альбом парақтарына акварель бояулармен сурет салу сабағын жүргізген. Осы кезде 2022 жылы туған бала сурет салатын бояуды аузына салған.

"Әйел кішкентай балаға ескерту жасап, сол қолымен оның ерін тұсынан соққы жасаған. Әрі қарай, баланың басынан тағы соққы жасап, оны отырған орнынан тұрғызған. Кейін баланы мойын тұсынан ұстап, жуынатын бөлмеге апармақ болып, оны қатты итеріп қалғанда бала жерге құлаған. Содан соң ол баланы қолынан ұстап көтеріп алып, жуынатын бөлмеге апарған", - деп хабарлады облыстық сот.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамай, баланы ұрмағанын айтқан.

Алайда оның кінәсі бейнебақылау камераларының видеожазбаларымен расталды.

Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, оған педагогикалық лауазымдарды және балалармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға 3 жылға тыйым салынды. Сонымен қатар, 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Баланың заңды өкілінің пайдасына келтірілген моральдық зиян үшін 200 мың теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.