Дәрігер екпенің адам ағзасына енген соң, қандай реакция беретінін түсіндіріп берді.
ERNUR.KZ. Қазір елемізде COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай әйелдер арасында вакцинаның кері әсері туралы түрлі алып қашпа сөз тарап жүр. Олардың ішінде "вакцина бедеулікке ұшыратуы мүмкін" деген қауесет те бар. Осы орайда акушер-гинеколог Райхан Ізбасаровадан ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін айтты, деп жазады nur.kz.
Райхан Ізбасарованың сөзінше, вакцина репродуктивті жүйеге еш әсер етпейді.
"Екпе бедеулікке әкеледі деген сөздерге сенудің қажеті жоқ. Қазір коронавирустан, әсіресе, "дельта" штамынан төніп тұрған қауіп өте жоғары. Індет жүкті әйелдерде ауыр өтеді. Оның үстіне бізде былтырдан бері ана өлімі көбейіп отыр. Сондықтан бала жоспарлап жүрген әйелдердің екпе салдырғаны дұрыс", - дейді маман.
Сондай-ақ, Райхан Ізбасарова екпенің адам ағзасына енген соң, қандай реакция беретінін түсіндіріп берді.
"Вакцина ағзаның иммундық торларын коронавирустың генетикалық материалының фрагменттерімен таныстырады, таныстықтан кейін вирустан қорғауға бағытталған антиденелер өндіріле бастайды", - дейді акушер-гинеколог.
Әйелдерге кеңес беру бөлімшесінің меңгерушісі коронавирусқа қарсы антиденелері бар аналар оларды жаңа туған нәрестелеріне өз сүтімен емізген кезде бере алатынын да айта кетті.