"Жағымсыз иіс бар": Тоқаев қаланы тез арада сасық ауадан тазартуды тапсырды

0
1 041

Елек, Орал өзендері ластанған.


ERNUR.KZ. Ақтөбеліктермен кездесуде мемлекет басшысы өңірдің экологиялық жағдайын сынға алды. Президент облыс әкіміне қаланы сасық ауадан тез арада тазартуды міндеттеді деп, жазады kaz.nur.kz.

Өңірдегі экологиялық мәселе алаңдатып отыр. Жағымсыз иіс бар. Елек, Орал өзендері ластанған. Кәріз суын тазалау нысандарын салу қажет. Үкімет пен әкімдік осы жұмысты шешуі тиіс. Алға ауданындағы қауіпті қалдықтарды жою қажет. Бұл жұмыстар атқарылмаса, экология оңалмайды. Қала таза болуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы ақтөбеліктер үшін жыр болған жол мәселесін де қозғады.

«Биыл «Құтты мекен» жобасы аясында мемлекет жолдарды жөндеуге ақша бөлінеді. Ақшаның жұмсалуын қатаң бақылау керек. Әкімдік үкіметтің қолдауымен барлық жергілікті облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салуды 2025 жылға дейін қалыпқа келтіруді тапсырамын. «Ақтөбе – Атырау» жолын жөндеу басталды. «Ақтөбе – Қандыағаш» жолын салуды жеделдету керек. Сонымен қатар, «Ақтөбе – Хромтау», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз» жолдарын қайта жөндеу «Нұрлы жол» бағдарламасымен жүргізілуі тиіс. 2025 жылға дейін атқарылатын жұмыс осы», - деді Тоқаев.

Президент Ақтөбе облысының әкіміне халықты қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету мәлесін жеделдетуді міндеттеді.

«Биыл Ақтөбеде бір миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. 1288 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Өңірде жеке үй салу дамығанын білеміз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Қазір кезекте шамамен 170 мыңнан астам адам тұр. Оның 140 мыңнан астамы Ақтөбе қаласында. Ал 65 мыңнан астам адам саяжай аумақтарында тұрып жатыр. Көп жағдайда тұрғындар мемлекеттік көмек күтіп отырмай, өздері үй салғысы келеді. Тек жер керек. Сондықтан кезең-кезеңімен жер беруді, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Адамдар мемлекеттен нақты шешімдерді күтеді. Болашақта емес, бүгін күтеді. Қолжетімді баспананы беруді қатаң бақылау керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.