Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік жүйенің орнықтылығын арттырады – сарапшылар

0
419

​2026 жылғы 11 ақпанда Астана қаласында Еуразиялық интеграция институтының (ЕИИ) «Ашық саясат» сараптамалық клубының алаңында «Конституция-2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі» тақырыбында пікірталас өтті.


Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік жүйенің орнықтылығын арттырады – сарапшылар

ERNUR.KZ. Сараптамалық кездесу шеңберінде мемлекеттік басқару жүйесін, бір палаталы парламенттің қызметін, партиялық дамуды және саяси жаңғыртудың басқа да бағыттарын қозғайтын жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланды.

Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов өзінің кіріспе сөзінде Конституцияның жаңа жобасының қоғамда жан-жақты әрі белсенді талқыланып жатқанын атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасы түрлі диалог алаңдарында, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та және сарапшылар қауымдастығында белсенді талқыланып келе жатыр. Ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы Жұмыс тобы, содан кейін депутаттар, заңгерлер және басқа сарапшылардан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. EGov және eOtinish платформалары арқылы Комиссияның қарауына азаматтар, кәсіподақтар, салалық, ерікті және басқа да ұйымдардан екі мыңнан астам өтініш жіберілді. Нәтижесінде 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Талқылау нәтижесінде түпкілікті түзетулер енгізілгеннен кейін жоба бүгін Мемлекет басшысына ұсынылып, ол референдум күнін 15 наурызға белгіледі», – деді ол.

А. Ешмұратовтың айтуынша жаңа Конституция елді одан әрі саяси жаңғыртуға бағдарланған және Мемлекет басшысының алдыңғы саяси реформалар жиынтықтарының жалғасы болып табылады. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік институттарды нығайтуға, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы мен басқару сапасын арттыруға бағытталған.

Сарапшылардың ерекше назары азаматтардың мүдделерінің өкілдігін күшейтуге және саяси процестерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік беретін партиялық жүйені дамытуға және саяси бәсекелестік үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге аударылды.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» Орталығының басшысы Жақсыбек Жиенәлиевтің пікірінше, пропорционалды жүйеге көшу партиялық өрістің дамуын ынталандырады.

«Пропорционалды негізде құрылатын бір палаталы парламентті енгізу саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырады. Болашақта саяси бірлестіктер ішінде кадрлық өзгерістер болуы мүмкін. Жаңа партиялық бастамалардың пайда болуын жоққа шығаруға болмайды», деді Жиенәлиев.

Делиберативті демократияны дамытуда Қазақстан Халық кеңесі жаңа органның маңызы зор. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова шешім қабылдауда азаматтық қоғамның көбірек қатысу қажеттілігіне назар аударды.

«Қазақстан Халық кеңесін құру-уақыт талаптарына сәйкес келетін нақты қадам. Онда қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер және мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері атынан өңірлік мүдделер ұсынылады. Бұл орган заң шығару бастамасын жүзеге асырады. Осы тұрғыдан, азаматтық қоғам шешім қабылдау процесіне тереңірек енеді деп айтуға болады», – деп атап өтті сарапшы.

Парламентаризм институтының бас маманы Нұржан Сәуленнің айтуынша, Халық кеңесі – сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен институттар қоғамдық-саяси дамудың өзекті мәселелері бойынша өз пікірлерін айта алатын жаңа алаң.

«Болашақта осы органның арқасында заң шығару процесі жеделдетілуі мүмкін. Азаматтық қоғамның ұсыныстарын ескере отырып, Халық кеңесі жұмысының регламенті мен тетігін егжей-тегжейлі белгілеу маңызды. Тиісінше, референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституцияның жобасы мақұлданған жағдайда, осы институттың қызметін реттейтін жеке заң қабылдау қажет болады», деді ол.

Сарапшылар сондай-ақ мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары ретінде ғылым мен инновацияны конституциялық анықтаудың маңыздылығын атап өтті. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дінмұхаммед Ғалидің айтуынша, бұл адами капиталды нығайтуға және экономиканы технологиялық жаңартуға ұзақ мерзімді бағдар береді.

«Конституция жобасының кіріспесінде білім, ғылым және инновацияға бағдарларды белгілеу біздің біртұтас халық ретінде дамудың зияткерлік векторын таңдайтынымызды көрсетеді. Бұл елдің ғылыми салада айтарлықтай әлеуетінің болуын растайды және мұнай-газға тәуелділіктен білім мен технологияларға негізделген экономикаға біртіндеп көшу үшін мүмкіндік жасайды. 3-бапта ғылымға да назар аударылады, бұл менің ойымша, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі қолдауға әкеледі. Бұл еліміздің адами капиталын арттыруға көмектеседі және жастарды ғылымды өмірдегі басты қызмет ретінде таңдауға ынталандырады деп үміттенемін», – деп атап өтті ол.

Сараптамалық клуб отырысының қорытындысы бойынша практикалық ұсынымдар әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.