Еңбек нарығында оң көрсеткішті қамтамасыз ету үшін жылына кемінде 370 мың жаңа жұмыс орны ашылуы қажет.
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында 2019 жылдың алты айындағы жұмыспен қамту көрсеткіштері туралы баяндады, деп жазды baq.kz.
«Еңбек нарығында оң көрсеткішті қамтамасыз ету үшін жылына кемінде 370 мың жаңа жұмыс орны ашылуы қажет. Биыл жарты жылдықта 186 мың жаңа жұмыс орны ашылды, былтырғы көрсеткішке қарағанда 42% өсім бар. Ең көп жұмыс орындары ашылған салалар: сауда – 24 мың, құрылыс – 18 мың, ауыл шаруашылығы – 17 мың жұмыс орны. Өңірлерде Алматы қаласы, Маңғыстау мен Алматы облыстары алда тұр. Ауылдарда 77 мың жұмыс орны құрылды», - деді бірінші вице-министр.
Ол «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғалы бері 190 млрд теңге бюджеттен бөлінгенін, 1 млн 200 мың адам қамтылғанын айтты.
«Биыл 124 млрд теңге қаралып отыр. Жыл соңына дейін 700 мың астам адамды қамтуға тиіс. Жарты жылдықта 281 мың адам мемлекеттік бағдарлама шараларымен қамтылды. Оның 52% – жұмыссыздар, оның ішінде 198 мыңы жұмыс орындарымен қамтылды», - деді Жылқыбаев.