Спикерлер Жолдауда айтылған ауқымды саяси реформалар бағдарламалары мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралардың негізгі аспектілерін талқылады.
Бүгін, 6 қыркүйек күні Семей қаласында «Жолдау - 2022: Әділетті Қазақстан жолында» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шараны ұйымдастырушылар – ҚРАқпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.
Жиынға Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин, Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев, Семей қалалық мәслихатының депутаты Әліби Абдураимов, мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, Шәкәрім университетінің студенттері және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.
Спикерлер Жолдауда айтылған ауқымды саяси реформалар бағдарламалары мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралардың негізгі аспектілерін талқылады.
Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. Ол өз сөзінде Жолдау экономиканың сапалы және инклюзивті өсуіне және азаматтардың әл-ауқатына бағытталғанын атап өтті.
«Жалпы бүгінгі Жолдаудың басты тетігі – Әділетті Қазақстан. Әрбір қамтылған бағыт елдегі саяси тұрақтылықты сақтау үшін жасалып жатыр. Яғни, ол ішкі тұрақтылыққа кепіл болады. Сонымен бірге, атқарушы билік, Үкіметке де сын айтылды. Кез келген бастаманы жүзеге асырушы – ол Үкімет. Осыған сай, алдағы уақытта жергілікті басқарушы органдардың жұмысы оңтайландырылады», - деді Қазбек Өмірзақұлы.
Отырысты Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев ашты. Ол Жолдаудың тарихи сипатын, сондай-ақ Президент бастамашы болған реформалардың маңыздылығын атап өтті.
«Президент алдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды атап өтті, елдегі ахуалға, оның одан әрі перспективалық дамуына өз көзқарасын білдірді. Жолдау қазіргі жаһандық және ішкі сын-қатерлерге дер кезінде жауап болды және Қазақстан халқының мемлекет пен қоғамды тиімді жаңғыртуға деген үмітін ақтады».
Саясаттанушы Самат Нұртаза Жолдауда айтылған жолдардың сапасын арттыру жөніндегі бастама экономиканың дамуына серпін беретінін айтты.
«Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік мәселелердің бірі – 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95% жөнделеді. Егер тас жолдарды жөндеп, жаңасын салсақ, экономика қарқынды дамитын болады. Себебі барлық сауда-саттық, ішкі тасымалдау осы магистральдарға байланысты. Ішкі туризмді дамыту, қолайлы инвестициялық климаты бар ел ретінде Қазақстанның әлеуетін ашу – осы міндеттердің барлығы автомобиль жолдарын дамытуға тіреледі. Автомобиль жолдары – бұл елдің артериясы. Ішкі туризм, логистика, бизнес, инвестициялық климат – мұның бәрі жолдарға байланысты», - деді спикер.
«Осы жолғы Жолдаудың алғашқы бөлігінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалса, екінші бөлігінде әрбір сала бөлектеп, жекелеп қарастырылды. Бұл біздің, әсіресе ересек адамдардың есінен кетпейтін жайт деп білемін. Табыстың, зейнетақының жыл сайын қалыпты өсуі, мұғалімдерге берілетін көмек осының барлығы халыққа жасалатын жақсылық», - деді Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин.
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бастамасына пікір білдіре отырып, бұл жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті:
«Президент Ұлттық қор қаржысынан түскен инвестициялық пайданың 50% тікелей балалардың келешегі үшін арнайы есеп шоттарына аудару бастамасын көтерді. Енді Ұлттық қор қаражатынан инвестиция ретінде түскен табыс 18 жасқа дейінгі балалардың есеп шотына түсетін болады». Меніңше бұл өте жақсы бастама. Осы күнге дейін «Ұлттық қордың қызығын халық көрмеді» деген сын айтылатын. Кризис кезінде, пандемия уақытында Ұлттық қор қаражатын пайдаға асырдық. Қаражат экономиканы тұрақтандыруға жұмсалды», - деді спикер.
Саясаттанушы Дина Айкенова Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан мәселелері маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталғандығына назар аударды.
«Бұрынғы отбасылық саясат мемлекет мүддесінің ықпалынан тыс болса, бұл Жолдаудың еліміздің әрбір азаматына бағытталғаны айқын сезіледі. Пандемия, қаңтар трагедиясы сияқты жағдайлар әр азаматқа көмекке деген жоғары сұраныстарды көрсетті».