"Жүк көлігі аударылып кеткен". Павлодар облысында 2 адам жол апатынан қаза тапты

0
860

Қатты соққыдан жүк көлігі аударылып кеткен, жеңіл көліктің де жағдайы мәз емес, майысып қалған.


ERNUR.KZ. Павлодар облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды. Зардап шеккен жолаушылардың бірі жансақтауда, - деп жазады Tengrinews.kz.

Оқиға орнынан түсірілген сурет Instagram-да жарияланды. Қатты соққыдан жүк көлігі аударылып кеткен, жеңіл көліктің де жағдайы мәз емес, майысып қалған.

Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 30 сәуірде сағат 09.05-те Шақат ауылы маңындағы Шақат - Восточный - Шалдай автожолының екінші шақырымында болған.
"24 жастағы ВАЗ 2110 жүргізушісі ГАЗ 53 жүк көлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ көлігінің 1987 және 1978 жылдары туған жолаушылары оқиға орнында қаза тапты", - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен тағы үш адам ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Апаттың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

"Аталған дерек бойынша тексеру жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Автокөліктер арнайы көлік тұрағына қойылды", - деді аймақтың ПД баспасөз қызметіндегілер.