"Қазақстанда бала туу көрсеткіші өсті. 2000 жылдан бері жыл сайын 220-400 мыңдай бала дүниеге келеді".
ERNUR.KZ. Қазақстандағы халық санының өсуі елімізді әлеуметтік тұрғыда тығырыққа тірейді, алдағы уақытта үлкен мәселе туғызады. Мұндай пікірді экономист Алмас Чукин фейсбук парақшасында жазды, деп жазады Алтайньюс.
– Бала туу көрсеткіші жоғары болса, барлық мемлекет дерлік жаңа жұмыс күші көбейді деп қуана алады. Тек негізгі кірісі жер қойнауындағы байлықтан түсіп отырған шикізаттық мемлекеттер қуанбайды. Қазақстанда бала туу көрсеткіші өсті. 2000 жылдан бері жыл сайын 220-400 мыңдай бала дүниеге келеді. Жыл сайын жарты миллион бала! Есептесек, 2000 жылы туған 220 мың бала былтыр 18 жасқа толды. Енді оларға оқу, жұмыс, сондай-ақ баспана керек. Тағы осы секілді қажеттіліктер және бар. Жыл өткен сайын бала саны артып отырғандықтан, келесі жылы 300 мың, одан ары 400 мың болады... Олар және үйленеді дейік. Бұл деген урбанизация. Ал ауылдағы халық саны артпайды. Жастар қалаға ағылады. Бірақ солар қалада не істейтінін біле ме екен? – деп жазды сарапшы Алмас Чукин.
Оның пікірінше, қазіргі уақытта адам өлімі азайып, зейнетке шығушылар саны артқан. Яғни, олар өз жұмыс орындарын жастарға жуық арада босата қоймайды.
– Митингіге шығып ұрандайтын, бірақ не үшін екенін білмейтін бұл жастар болашақта үлкен проблема болады. Бұл проблемаларды шешуге алтын-валюта қоры жеткіліксіз. Экономикаға мықтап ден қоятын кез келді. Қазіргі уақытта халық саны 18,5 миллион. Жыл сайынғы туу көрсеткіші әр үш жылда 1 миллионға артып отырса, 2030 жылы 24-25 миллион боламыз. Яғни 10 жыл сайын қатарымызға үш Алматы қосылып отырады, -дейді Алмас Чукин.