«Алдымен итті, сосын әкемді атып кетті»: актер Бауыржан Сатов балалық шағын еске алды

0
3 280

«Өгей әкем бар мейірімін туған қызына көрсетті, біз қызығып қарап отыратынбыз»


«Алдымен итті, сосын әкемді атып кетті»: актер Бауыржан Сатов балалық шағын еске алды

Белгілі актер Бауыржан Сатов әріптесі Тәуекел Мүсілімнің «Ұрпақ» подкастында марқұм әкесінің қайтыс болған кезін айтып берді. Сондай-ақ, әкесінің туыстарынан қорқатынын жайып салды.


«Мен ол кезде небәрі үш жаста едім. Әкем небәрі 24-те, ал анам 23 жаста болатын. Бірақ бәрі еміс-еміс есімде. Әкемді біреулер анамның көзінше атып кеткен. Үйде әжем де бар еді. Ол кісі арақ-шарап, шемішке сататын. Ішіп алған адамдар есікті ұрып, сауда жасауын сұраған болуы керек. Апам «жоқ, түн болды, қайтыңдар» деген. Сол сәтте әлгілер апамды боқтаған. Оны менің әкем естіп қалған. Өзі қызуқанды, басынан сөз асырмайтын адам болған екен. Дереу сыртқа шығып, әлгілермен төбелесе кеткен ғой. Олар қайтып кетіп, біраз уақыттан кейін мылтықпен келіп, алдымен есіктің алдындағы итті атқан. Сол кезде әкем шығып қалған да, оқтың біреуі жүрек тұсына тиіпті. Сол жерде тіл тартпай кеткен» деді Бауыржан Сатов.


Осы оқиғадан соң актер әкесінің туыстарымен мүлдем араласпай кетіпті. Сондай-ақ ол өгей әкесімен тіл табыса алмағанын жеткізді.


«Әкем қайтқалы анамның жүрегі ауырады, кейде түнге қарай ұстап қалады. «Күшік кезінде таланған» деген осы шығар, сол оқиғадан кейін біз жасқаншақ боп өстік. Мысымыз басылып қалған. Не болғанын түсінбейсің, өмір ерте есейтті. Анам бізге әкенің де, ананың да орнын басты.


Қазір әкемнің туыстарымен араласпаймын. Шынымды айтайын, мен әкемнің туыстарынан қорқып өскен баламын. Себебі әкем қайтқасын олар үйге келіп, айқай-шу шығарған. Олар болған жағдайға менің анамны айыптады ма, әйтеуір сондай бірдеңе болды. Содан кейін олармен араласқым келмейтін. Анам жоқта үйге келсе кірпідей жиырылып, анамның ерте келуін тілеп отырушы едім. Қазір енді есейдік қой, бірақ арада бір салқындық бар, емен-жарқын аралас-құралас боп кете алмаймын» деді актер.


Айтуынша, әкесі қайтыс болғасын анасы екінші рет тұрмыс құрған. Ол некеден Бауыржанның бір қарындасы бар.


«Анам екінші рет тұрмысқа шығып, қарындасым дүниеге келді. Бірақ мен өгей әкемді қабылдай алмадым. Ол кезде он жасар баламын. Басында анамды қызғандым. Сосын өгей әкем қатал болатын, тіл табыса алмадық. Ол кісі бірнеше жыл бұрын өмірден өтті. Мен әкенің мейірімін аңсаған адаммын, әке тәрбиесіне қанып өсе алмадым.


Өгей әкем інім екеумізден гөрі өзінің қызына ерекше қарайтын. Оған жақсы әке болды. Екеуіне қарап отырып қызығатынмын. Біз ондайды көрмегенбіз ғой. Қарындасымның аузынан шыққанның бәрін әперетін, ерекше еркелететін. Ал бізге ондай еркелікті көрсете алмадық. Бәлкім бұның да пайдасы тиген шығар, өзіме керек нәрені өз еңбегіммен табуды ерте үйрендім. Бутылка жинап, өткізіп, ақша табатын едім. Мамамнан ақша сұрамаудың қамы ғой.


Қазір өсіп, өз қолымыз аузымызға жеткенде «Мама, сіздің үмітіңізді ақтай алдым ба?» деп көп сұраймын. Ол кісі «иә, иә» деп қояды. Бірақ мен бірдеңені сезем, әлі ол кісінің ойынан шығатындай дүние жасамаған сияқтымын. Бірдеңе жетіспейді әйтеуір. Бала ретінде әлі беретінімді бермеген сыңайлымын" деді Бауыржан Сатов.