​«Өлсем де алдыңа келмеймін»: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовпен танысқан кезін еске алды

0
3 806

«Пәтер бергені бар болсын, содан кейін артымнан қалмай қойды»


​«Өлсем де алдыңа келмеймін»: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовпен танысқан кезін еске алды


Қазақстанның Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова «Алғашқы» бағдарламасына берген сұхбатында күйеуі Заманбек Нұрқаділовпен алғаш танысқан кезін еске алды.


«Ең алғаш рет 1989-жылы көрдім. Анандай жерде отыр екен Зәкең, жеткенше аяғым, қолым дірілдеп кетті. Ол кісінің көзбен тесіле қарағаны, мысы басты. Столдың жанына әрең жеттім. Маған тесіліп қарап отырды. Айтарымды қағазға жазып әкелгем, бәрін зырылдатып оқып бердім. «Тоғыз жыл болды, жатақханада тұрып жатырмын» деп айттым. Мен негізі бірінші кезекте тұрғам, бірақ «Гүлдер» ансамблінде кім бірінші тұрмысқа шығады, соған беріліп кететін. Ана кісі бәрін тыңдап отырды да, «Ладно, иди, 20 күннен кейін кел маған» деп айтты. Мен шок боп қалдым, 20 күні несі, бір жарым айға концертке кетіп бара жатырмын. «Сіз маған "да или нет" деп бірден айтыңыз, бересіз бе пәтерді, бермейсіз бе?» деп төтесінен сұрақ қойдым. Ана кісі мұндайды күтпесе керек, орынан ұшып тұрды да «Бар, ана жақта бәрін түсіндіреді» деді. Мен одан бетер шошыдым, ішімнен «өлсем де алдыңа келмеймін» деп кетіп, жатақханаға барып әбден жыладым», - деді Мақпал Жүнісова.


Арада 6 ай уақыт өткенде әнші Заманбек Нұрқаділовпен екінші мәрте кездескен. Бұл жолы олар Морккоға әнсапармен бірге барыпты.


«Жарты жылдан кейін мені Жібек Әмірхановна деген кісі шақырып, «Мақпал, дайындал, Мороккоға гастрольмен барасың, ән айтасың» деп айтты. Әуежайға бардық, ол кезде ұшақтың алдыңғы есігінен бастықтар, артқы есігінен қарапайым адамдар мінетін. Біз өтіп бара жатсақ, бір топ басшылар тұр екен. Жаңбыр сіркіреп тұр, басына шляпа киген бір кісі маған тесірейіп қарап тұр екен. «Мына кісінің түрі таныс, бір жерден көрген сияқтымын» деп шырамытып тұр ем, «Бұл Нұрқаділов қой, делегацияның бастығы боп бізбен бірге бара жатыр» дед әріптестер. Сөйтсем Зәкең мені тізімге әдейі қостырған екен. «Алдыма келген жоқ мына қыз. Қосыңдар, көрейін бұл қызды» деп айтыпты.


Моркконың мэрі бізді жақсы қабылдады. Ән айтып болғасын бастан-аяқ киіндіріп, бізге ерекше ілтипат көрсетті. 45 адамның ішінен екі қызды құрметтеп, әдемі көйлектер сыйлады. Сол кезде мен «Құдай-ай, кім екенімізді танымайтын Морокконың мэрі бір әніміз үшін осыншалықты сый-құрмет көрсетіп жатыр, красавица қылып қойды. Ал біз 9 жылдан бері жатақханада тұрып жатырмыз. Мына қаланың бастығына барсаң «Иди, потом придешь» деп шығарып салды. Құдай-ай, біздің жақта осындай мэр болса ғой, шіркін!» деп қалжыңдадым. Зәкең намысшыл адам ғой, сол жерде бүкіл елдің көзінше бірден көмекшісін шақырып, «По приезду квартиру выдать!» деп тапсырма беріп жіберді. Осылайша Зәкең сөзінде тұрып, үш айдан кейін 1 бөлмелі пәтер берді. Сөзінде тұрғаны құрысын, сол пәтерді бергелі артымнан қалмай, ақыры алып тынды ғой», - деп еске алды Мақпал әнші.