​«Стейктің не екенін білмей, масқара болғам»: Сара Амангелді жаңа үйі, жігітпен қарым-қатынасы жайлы айтып берді

0
13 657

«Тұрар екеуміздің тағдырымызды бір Алла біледі»


​«Стейктің не екенін білмей, масқара болғам»: Сара Амангелді жаңа үйі, жігітпен қарым-қатынасы жайлы айтып берді


Әнші, актриса, «Келінжан» сериалындағы Асылымның рөлін сомдаған Сара Амангелді «Жұлдызды шаңырақ» бағдарламасында ата-анасы сыйлаған үйін көрсетті.


«Мамам екеуміз «Есентай» жақта серуендеп жүргенде осы үйлерге қарап «Мама, бізде де осындай үй болар ма екен» деп айтатынмын. Сонда мамам «Құдай қаласа, қызым, одан да күштісін алып беремін» дейтін. Шынымен осы үйлерде тұрғым келіп, жанынан өткен сайын қарап өтетін едім, Алланың қалауымен маған бұйырыпты. Табиғаты керемет, ауасы таза, өзіме қатты ұнайды» деді Сара.


Әншінің алған үйі үш бөлмелі, 100 шаршы метрді құрайды. Үйдің ішкі әрлеуі мен бүкіл жиһаздарын анасы, белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипова таңдап беріпті.


«Өзімнің ақшама жасалмағасын бәрін толықтай анама сеніп тапсырғам. Ештеңесіне араласпадым. Бірақ анамның талғамы өте жоғары, мен ойлағаннан да керемет боп шықты. Жалпы, мен тазалыққа тынған адаммын, ата-анамның алып берген заттарын ұқыптап ұстайын деп күніне екі рет үйді жуып-шаямын.

Көбісі мені бай, қымбат жерлерден киінетін, рестораннан тамақ ішетін қыз деп ойлайды. Ал менің ондайға ақша құртқым келмейді, қимайын. Бір күні бір жігіт мейрамханаға шақырды. «Қандай нәрсе жейсің?» деп сұрады. «Манты ма, плов па, болады» дегем ғой. Ол жігіт «бұл жерде ондай жоқ» деп жауап берді. Сонда да қайтпаймын ғой, «А, онда шашлык алайық» деймін. Бір кезде даяшы жігіт «бізде ондай тамақтар жоқ» деп жауап берді. Мені шақырған жігіт ұялып кетті-ау, «Стейк алып келе сал» деп тапсырыс берді. Ана жерде отырып алып «стейк деген не еді» деп әбден ойландым ғой. Арасында уатсаппен бауырларыма жазып, «стейк» деген қандай тамақ, айтып жіберіңдерші» деп сұрағаным бар. Не керек, сол стейкті ана жерде жей алмадым ғой, жігіттен ұялып, кеткенше асықтым. Мен қарапайым қызбын, басқалардан ешқандай айырмашылығым жоқ» деді Сара Амангелді.


Актриса сондай-ақ әнші Тұрармен арадағы қарым-қатынасын әңгімелеп берді.

«Тұрармен «Жар-жар» фильмінің түсірілімінде таныстық. «Тұрарды ұнатпаймын» деп алдын ала айтқым келмейді, алдағы уақытта не боп кетерін ешкім білмейді. Бәлкім арамызда сезім пайда боп, жарасып кетерміз. Бәлкім бәрі басқаша болар. Бір Алла ғана біледі. Тек қана айтарым, менің жасым 27-ге келді, жақсы жігіт кездесіп жатса отбасын құруға дайынмын» деді ол.