​«Ұшақтың билетін махаббатқа ауыстырдық»: Толқын Забирова күйеуімен танысқан кезін еске алды

0
15 486

«Маған телефон соққанда сасқалақтап, шалқамнан түсе жаздадым»


​«Ұшақтың билетін махаббатқа ауыстырдық»: Толқын Забирова күйеуімен танысқан кезін еске алды

Белгілі әнші Толқын Забирова күйеуі Сафар Бабаевпен танысқан кезін еске алды.


«Егер мені біреу-міреу гастрольдік сапармен бір жаққа шақырып қалатын болса телефоны бар деп нағашы әпкемнің үйінде тұратынмын. Себебі өзіміздің үйде телефон жоқ еді. Бір күні кешкісін, шай-тамағымызды ішіп, жатып қалғанбыз. Түнгі 11:45-те телефон шырылдады. Алсам «Здравствуйте, это Сафар Бабаев» деді. Шалқамнан түсе жаздадым. «Сам Сафар Бабаев маған звондап тұр ма» деп, отырарымды да, тұрарымды да білмей сасқалақтап қалдым. Өйткені Сафар ол уақта «Қазақконцерттің» бастығы боп, қаншама өнер адамдарымен жұмыс істеп, қамқорлығын көрсетіп жүрген үлкен жүректі адам еді. Оны көп әнші «Батя» деп атайтын.


Не керек, сол кеште Сафар маған «Ертең таңғы 8-де Атырауға гастрольдік сапармен жол жүріп барамыз. Уақытыңыз бола ма, бара аласыз ба?» деп сұрады. Сасқалақтап «барамын, боспын» деп жауап бердім. Негізі Сафарға «осы әншілерді апарсаң болады» деп Бақыт Шадаеваның, менің, сосын тағы бір әншінің нөмірін берген екен. Алдымен Бақытқа телефон соққан, сөйтсе ол біреумен сөйлесіп, телефоны бос болмапты. Сосын оның атын сызып тастап, маған қоңырау шалған. Мен ойлаймын да, сол сәтте Бақыт телефонды көтеріп, «Иә, мен бара аламын» десе, онда Сафар екеуміз кездеспей қалумыз да мүмкін еді...» деді Толқын Забирова «Алғашқы» бағдарламасына берген сұхбатында.


Әнші сондай-ақ, болашақ күйеуімен осы сапарда билет болмай, ұшақтан қалып қойған жағдайды айтып берді.


«Біз Атырауға «Тамаша» театрымен бардық. Әртістер кешкісін кері ұшып кетуі керек еді. Бірақ ұшаққа 2 билет жетпей қалды. Содан мен қалдым, Сафар да «билет тауып бере алмағаным үшін мен қаламын, Алматыда тығыз шаруам жоқ» деді. Әйтеуір Алла тағала бізді «отырсын, асықпай әңгімелессін, жақынырақ таныссын» деген шығар. Алматыға бес күннен соң әрең жеттік. Ұшақтың билетін махаббат билетіне ауыстырдық.


Әжем маған «Оның ұлты басқа болғанымен, қазақтың өнеріне қаншама үлес қосып отыр, қаншама қазақты сахнаға шығарып отыр, ол қазақтың жерінде туған бала, ұлтының не кінәсі бар, әке-шешесінен ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленіп өскен екен» деп разылығын беріп, батасымен мені ұзатты» деді әнші.