​«Жаңа Қазақстанның «вип» батыры»: Балғынбек Имаш Ринат Заитовты сынға алды

0
1 705

«Негізінде білімсіз, дүмше депутатсың»


​«Жаңа Қазақстанның «вип» батыры»: Балғынбек Имаш Ринат Заитовты сынға алды


Күні кеше «Маған ақпараттық және психологиялық шабуыл басталды» деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты, айтыскер-ақын Ринат Заитовқа бүгін ақын Балғынбек Имаш жауап берді.


«Ей, Ринатжан, айтыста да, қай тұста да бетіңнен қақпадық. Айтқыздық, ел болып батыр қылдық. Осалдықпен істегеніңді кешірдік, Қосановпен жүргеніңді құптадық. «Аманатқа» қарсы кезіңде де, партияға жаршы кезіңде де қолдадық. Өз басым осы уаққа дейін артық айтқандарыңа, жала жапқандарыңа үндемедім. Бірақ бүгінгі шулатып отырған сөзіңе арнайы үн қатпасам болмайды. «Маған ақпараттық шабуыл жасалып жатыр» дегеніңді есітіп, бауырымды қорғайыншы деп парақшаңа кірсем, «алақтықтың 80 пайызын жасап отырғандар намазхандар» деп айды аспанға шығарыпсың. Бұл қайдан алынған статистика, қайдан алынған арифметика? Өтірік пайызға шағып, халықтың миын қатырғанды қою керек. Аузыңа келгенді айтып алып, «маған ақпараттық шабуыл жасалып жатыр дегенің қай сасқаның? Саған айтуға болады да, бізге жауап беруге болмай ма? Абай атамыз сен сияқтыларды «Лап бергіш, көт айналғыш, қайта ойланғыш» айтып кеткен. Сен намазхандардан қорықпа, намазхандардың Раббысы Алладан қорық!» деп видеүндеу жолдады Балғынбек Имаш.


Балғынбек ақын Ринат ақынға «Дүмше депутатқа!» деген жыр жазыпты.


Ермановтың кешегі “мықты” ақыны,
Ей, Зайытов Ринат Рифхатұлы!
Қаһарынан Құдайдың қорықпайтын,
Жаңа Қазақстанның вип “батыры”…



Басқа шығып барасың үндемесек,
Лақтырасың тасадан дінге кесек.
Кішірейіп кешірім сұрай салсаң,
Жанған отты өршітіп үрлемес ек.



Сұра десе кешірім бұлданасың,
Жасалды деп шабуыл жынданасың.
Мансабың да уақытша, атағың да,
Құдай үшін қауқарсыз құл ғанасың!



Сәжде қылған маңдайды алаяқ деп,
Жалған айып тағасың оңай-ақ кеп.
Ауызыңда бес хадис, он аят жоқ,
Жүрегіңді айтасың қалай ақ деп?



Алатауда жүр едің жалаңаяқ,
Депутат қылды сені “ағаң” аяп.
Сен барған соң “Аманат” түзелді ме,
“Нұротанның” деуші ең ғой бәрі алаяқ?



Негізінде білімсіз, ойша нәнсің,
Келген сөзді аузыңа дей саларсың.
Адамның да заңынан хабарың жоқ,
Алланың да дінінен бейхабарсың.



Қосановпен қатырдың дым демедік,
Қошановқа шақырдың үндемедік.
Мың сүрініп жатсаң да ақындықпен,
Ақталуды білесің бірдеңе ғып.



Ата дінмен алысқан Мәжілісмен,
Айыптадың бауырды ауыр іспен.
Елдің жауы мұсылман қауым емес,
Жау іздесең шатаспа әдірістен!



Елдің жауы - жемқорлар төбедегі,
Елдің жауы - тышқандар кемедегі.
Ұрыға емес құрығын дінге салған,
Депутаттың сенбісің көрегені?



Парламентте сен болсаң ең ақылды,
Неге қазір жармайсың қара қылды?
Неге айтпайсың парақор әкімдерді,
Неге айтпайсың зинақор, педафилді?



Дін - Аманат, елді одан кім тия алат?
Діл - Аманат, кім оны сілки алат?
Партияны ұятқа қалдырдың да,
Аманатқа жасадың шын қиянат!



Сөйлей берме ойыңша жорып қана,
Бере алмайсың сен дінге толық баға.
Шын мұсылман қиянат жасамайды,
Бізден емес Құдайдан қорық, бала!



Құлақкесті Құдайдың құлы, Ринат,
Жала жауып жасадың ірі ғибат.
Мүміндерге мың бәле жапқаныңнан,
Ар-Рахманның қалмайды Діні қирап.



Сұрамаймыз біз сенен қимасыңды,
Жамағатты жау санап, жима ашуды.
Қателікті мойындап момын болсаң,
Тәубеге кеп, Аллаға и басыңды!


Айта кетейік, даудың басы Ринат Заитовтың ақпарат құралдарына берген сұхбатынан басталған. Мәжіліс депутаты әңгіме арасында «...Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтықтардың 80 пайызын жасап отырған қауым – намаз оқитындар» деп пікір білдірген еді.