​Бір сыныптағы барлық оқушыны үздік шығарудың 6 құпиясы

0
5 773

Баланың миында білім қоры болса, берілген тапсырманы орындау ол үшін қиындық тудырмайды.


​Бір сыныптағы барлық оқушыны үздік шығарудың 6 құпиясы

Жаңа оқу жылы басталған күннен мұғалім өз жұмысын қолға алып, оқушылармен қарым-қатынасын жақсартуға тырысады. Сонымен қатар олардың оқу үлгеріміне аса мән беріп, барлық баланы оқуға, білім алуға талпындырады. Бірақ та «білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» дегендей қарапайым адамдар секілді мұғалімдердің де білмейтіні көп. Осы орайда оқушыларын үздіктер қатарына қосуды қалайтын әрбір мұғалімге қажетті психолог Дэниел Уилленгемнің кеңестерін ұсынбақпын.


Мида білім қорының болғаны дұрыс

Білім дегеніміз не? Ол оқығаның мен тоқығаның. Осы уақытқа дейінгі кітапта берілген факттарды миға сақтағаның. Ендеше факт болмаса білім де жоқ деген сөз. Осыны оқушыларға түсіндіріңіз. Мысалы, математикадан көбейту кестесін білмесең, есеп шығара алмайсың. Сондай-ақ, тарихи оқиғалар мен даталарды оқып, жаттамаса да баста білім болмайтыны анық. Міне, осы факттар миға жиналған білім қоры болып саналады. Сол секілді оқушылар басқа кез-келген пәннен қажетті мәліметтерді алып, оны есте сақтайтын болса алдағы уақытта қиналмай мұғалімнің сұрақтарына жауап беріп, тапсырмаларды орындайтын болады.


Балалар ойланғысы келмейді

Балалар емес, кей кездері ересектердің өзі ойлануға ерініп жатады. Ал, балалар жаңа тақырыпты қабылдауға мүлде дайын болмайды. Әсіресе күрделі тақырып өткен болсаңыз оқушылардың осы тақырып аясында нені біліп, нені білмейтініне мән беруіңіз керек. Содан кейін білім алушыларға өздері білетін, шешуін шеше алатын тапсырмаларды ғана беріңіз. Сабақты осылай бастасаңыз, оқушылардың да қызығушылығы арта түседі. Тақырыпты ары қарай алып кету қиынға соқпайды.


Оқушыға ой салыңыз


Адам не болса соны есте сақтай бермейді. Өзіне қажетті, өзіне қызықты дүниелерді ғана жадында қалдырады. Сондықтан мұғалім сабаққа «Оқушыларға осы сабақ арқылы қандай ой тастасам екен? Қалай қызығушылығын оятсам болады?» деген мақсатпен кіруі керек. Оларға қиын әрі ойланатын сұрақтар қоюға қорықпаңыз. Өйткені оқушылар жас болғандықтан да ойлау қабілеттері жылдам, кез келген сұраққа жауап бере алады. Тым болмағанда жанамалап бірдеңе айтуы мүмкін.


Үнемі қайталатудан жалықпаңыз

Оқушыларға қайталаудың қандай пайдасы бар екенін айтып түсіндіріңіз. Егер алған білімін қайталамаса, оны тәжірибеде қолданбаса, бұл білім баланың есінен шығып кетеді. Сондықтан да сабақ барысында балаларды жалықтырып алмай, өз тәсілдеріңізді қолдану арқылы сабақты қайталаудан шаршамаңыз.


Әр баланың қабылдауына қарай сабақ өтпеңіз

Заманауи білім беру жүйесі бойынша оқушыларға еркіндік беріп, сабақты ойын түрінде өту қолға алынғаны белгілі. Соның ішінде видео, аудио жазбалар арқылы да сабақты түсіндіруге болады. Дегенмен әр баланың қабылдауы әртүрлі екен деп мұғалім жаңа тақырыпты неше түрлі бағытта түсіндіре алмайды. Мұғалімнің мақсаты – жоспар бойынша өтілетін тақырыпқа ден қою. Осы тақырыпты жан-жақты зерттеп-зерделеп, оқушыларға түсінікті етіп жеткізсеңіз болғаны. Шамадан тыс әсірелеудің қажеті жоқ. Себебі балалар сіз ойлағандай әртүрлі емес.


Оқушыны сыныптастарының алдында төмендетпеңіз

Халық арасында мектепте жақсы оқымаған баладан елге пайдасы тиетін адам шықпайды деген түсінік қалыптасқан. Бұндай түсінік қазір де бар. Алайда мұғалім де дәл осылай ойлайтын болса қатты қателеседі. Адамның интеллекті білімділікпен өлшенбейді, ол дами береді. Кейбір оқушылар өткен тақырыпты кеш қабылдауы мүмкін, бірақ мұндай баланың болашағы жоқ деуге болмайды. Қытайлықтар мұны жай ғана оқуды меңгеруге күш салмау деп қабылдап, әрбір оқушы үлкен жетістіктерге жетуге қауқарлы деп қарайды екен. Сіз де осы ұстаныммен жұмыс жасап, оқушыны көпшілік алдында төмендетпегеніңіз абзал. Бұл әрекетімен мұғалім оқушының болашағына да, өзінің өміріне де зиян келтірмейді. Егер ешбір баланы кемсітпей, оның сөзіне мін тағуды доғаратын болсаңыз, оқушының да өзгере бастағанын, білімге деген ұмтылысының арта түскенін байқайсыз.

Дайындаған: Құрманкүл ӘТИ,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


БАЛАНЫҢ СУРЕТІН желіге салғанда САҚ БОЛЫҢЫЗ