​ЖҮКТІ ӘЙЕЛ медициналық деректерін ДӘРІГЕРГЕ БАРМАЙ-АҚ бақылай алады

0
132


​ЖҮКТІ ӘЙЕЛ медициналық деректерін ДӘРІГЕРГЕ БАРМАЙ-АҚ бақылай алады

Сурет: ЖИ

Жүкті әйел дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыстың ең жеңілдетілген шарттарын алуға құқылы. Жүкті әйелдер медициналық сақтандырусыз есепке тұра алады және бірқатар медициналық қызметтер тегін беріледі.


Есепке уақытылы тұрмаса, айыппұл салынады

Әйел жүктіліктің 9-12 аптасына дейін міндетті түрде емханада тіркелуі керек. Егер ресми түрде жұмысқа орналасқан болса, заң бойынша жұмыс беруші өз қызметкеріне тексерілу және жүктілігі бойынша медициналық есепке тұруына уақыт беруі керек. Бұл ретте оның жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталады.


DamuMed пен eDensaulyq жүкті әйелдерге қалай көмектеседі?

Бүгінде жүкті әйелдердің көпшілігі дәрігерге бармай-ақ, өздерінің медициналық деректерін онлайн бақылай алады. Қазақстанда бұл үшін ең көп қолданылатын екі цифрлық сервис – DamuMed мобильді қосымшасы мен eDensaulyq қызметі (eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді).

DamuMed емханалармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін медициналық сервис. Ол арқылы жүкті әйелдер:

  • акушер-гинекологтың қабылдауына онлайн жазыла алады;
  • қабылдау күні мен уақытын көре алады;
  • зертханалық талдау нәтижелерін алады;
  • ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) мен басқа тексерулердің қорытындыларын қарай алады;
  • дәрігердің электронды тағайындаулары мен рецепттерін көреді;
  • үйге дәрігер шақыра алады (емхана қызметіне байланысты);
  • алдағы қабылдаулар мен жоспарлы тексерулер туралы еске салатын хабарламалар алады;
  • қажет болған жағдайда емханамен онлайн байланыс орната алады.

Бұл әсіресе жүктілік кезінде уақытты үнемдеуге және жоспарлы тексерулерді өткізіп алмауға көмектеседі.


eDensaulyq сервисі нені көрсетеді?

2026 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың барлық медициналық мәліметтерін біріктіретін eDensaulyq бірыңғай цифрлық экожүйесін кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Қызмет eGov Mobile қосымшасында қолжетімді.

Жүкті әйелдер бұл сервис арқылы:

  • жүкті әйелдер тіркелімінде тұрғаны туралы ақпаратты;
  • амбулаториялық қабылдаулардың тарихын;
  • зертханалық және диагностикалық тексерулердің нәтижелерін;
  • дәрігерлер берген электрондық жолдамаларды;
  • жоспарлы немесе шұғыл ауруханаға жатқызу мәртебесін;
  • электрондық рецепттерді және берілген дәрі-дәрмектер туралы мәліметтерді;
  • еңбекке уақытша жарамсыздық парағының (аурухана парағының) электрондық нұсқасын;
  • диспансерлік есепке қатысты ақпаратты көре алады.


Цифрлық сервистердің артықшылығы қандай?

Бұл жүйелердің басты мақсаты – қағаз құжат айналымын азайтып, барлық медициналық ақпаратты бір жерде жинақтау. Соның арқасында жүкті әйел өз денсаулығына қатысты маңызды мәліметтерді кез келген уақытта телефоннан қарап, дәрігер тағайындаған тексерулер мен қабылдауларды бақылап отыра алады. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар арасындағы ақпарат алмасу жеңілдеп, ана мен баланың денсаулығын бақылаудың үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.


Қандай медициналық көмек ұсынылады?

Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандартында (ҚР ДСМ №92 бұйрығы) жүкті әйелдің міндетті тексерістерден өтуі және гинеколог, терапевт дәрігеріне немесе басқа да бейінді мамандарға баруы көзделген. Ең бастысы, әрдайым байланыста болу және акушермен немесе гинекологпен хабарласып тұруы.

Жүкті әйел акушер-гинекологқа бірінші рет жүгінген кезде дәрігер өмір тарихын, яғни оның даму тарихын жинайды: балалық шақта орын алған аурулар, оларды емдеу әдістері, операциялар, т.с.с. Әйел барлығын, соның ішінде егер болған жағдайда, алдыңғы жүктілік туралы айтуы керек.

Анамнезді толық жинағаннан кейін гинеколог науқастың және оның серіктесінің медициналық деректерін зерттей бастайды. Әйелдің жұмыс жағдайы, сонымен қатар темекі шегу, алкоголь, есірткі немесе басқа да психоактивті заттарды қолдану сияқты зиянды әдеттердің болуына дейін барлығы айқындалады.

Жүктілік мерзімі белгіленгеннен кейін бірінші қабылдауда акушер-гинеколог жүкті әйелдің жеке картасын ресімдейді және оның қолына айырбастау картасын береді. Сондай-ақ, медициналық тексерулер тағайындалады, оған міндетті түрде мыналар кіреді:

  • жүкті әйелді зертханалық тексеру – жалпы сипатта, әртүрлі ауруларды анықтау үшін;
  • хромосомалық патология және құрсақішілік ұрықтың туа біткен даму ауытқулары (даму кемістіктері) бойынша қауіп тобын анықтау үшін пренаталдық скрининг;
  • функционалдық тексерулер: электрокардиограмма (ЭКГ), көрсетілімдер бойынша эхокардиография (ЭхоКГ), бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ);
  • стоматологтың консультациясы (жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек МӘМС жүйесінің қатысушылары ретінде тегін көрсетіледі) және көрсетілімдер бойынша – отоларинголог дәрігердің қарауы.

Жүктілік бойынша есепке қойылғаннан кейін келесі қабылдау күні 10 күннен аспайтын мерзімде тағайындалады.


Жүкті әйелді бақылау жоспары

Екінші қабылдауда жүкті әйелді тексеру нәтижелерін алғаннан кейін гинеколог оның қауіп факторларын ескере отырып, белгілі бір топқа жататындығын анықтайды және жүктілік пен босануды бақылаудың жеке жоспарын жасайды, сонымен қатар қосымша тексеру жүргізеді.

Сондай-ақ, екінші қабылдауда жүктілікке қарсы көрсетілімдердің болуы немесе болмауы анықталады. Егер қарсы көрсетілімдер болған жағдайда, онда жүктілікті тоқтату туралы мәселе медициналық кеңес беру комиссиясына жіберіледі. Сонымен қатар, әйелдің өзі бала көтерумен және оның туылуымен байланысты барлық қауіптер түсіндірілгеннен кейін жүктілікті үзуге қатысты шешім қабылдауға құқылы.

Жүктілікті тіркеуді емхананың акушер-гинеколог дәрігері жүргізеді. Медициналық көрсетілімдер болған кезде, сондай-ақ жүкті әйелдің жағдайын ескере отырып, ол жүктілікті жүргізуге арналған мамандандырылған орталыққа ауыстырылуы мүмкін. Сондай-ақ, әйел дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыстың неғұрлым жеңілдетілген шарттарын алуға құқылы.

30 аптада болашақ ана міндетті түрде қайта тексеруден өтуі қажет. Ол қайтадан қажетті сараптамаларды тапсырады. Үшінші триместрде ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі.

Егер әйелден патология анықталатын болса, оның денсаулығы мен жүктіліктің барысын ерекше бақылау үшін әйелдер кеңесіне шақырылады.


Скрининг кезеңдері қандай?

Үш реттік ультрадыбыстық скринингтің жүргізілуі:

  • жүктіліктің 11 аптасынан 13 апта және 6 күніне дейін;
  • 19 аптадан 21 аптаға дейін;
  • 30 аптадан 32 аптаға дейін.

Егер ультрадыбыстық скрининг жүргізу кезінде пренатальды скринингтің бірінші кезеңінде төмендегілер анықталса:

  • хромосомалық патологияның ультрадыбыстық маркерлері (белгілері);
  • ұрықтың туа біткен ақаулары;
  • бірінші триместрдің біріктірілген тестін өткізгеннен кейін ұрықтың хромосомалық патологиясының жоғары жеке генетикалық қаупі (1:150 және одан төмен);
  • немесе жүкті әйелдің жасы 37 де, ал оның серіктесі 40 жаста болса - онда (көрсетілген факторлардың бірі болған кезде) жүкті әйел жүктілікті ұзартудың орындылығы туралы мәселені шешу мақсатында ұрыққа УДЗ қайта жүргізу немесе инвазивтік пренаталдық диагностика жүргізу не мультидисциплинарлық перинаталдық консилиум жүргізу үшін көрсетілімдерді анықтау бойынша генетикке пренаталдық скринингтің екінші кезеңіне жіберіледі.


Акушер қандай медициналық көмек көрсете алады?

  • пациенттің денсаулық жағдайын анықтау үшін қабылдау және медициналық тексеру, жүктіліктің аурулары мен асқынуларын анықтау;
  • жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге және фертильдік жастағы әйелдерге олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда кезек күттірмейтін және шұғыл медициналық көмек;
  • созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерді учаскелік дәрігерлермен және бейінді мамандармен бірлесіп динамикалық бақылау;
  • акушер-гинеколог дәрігерінің тағайындауларын орындау;
  • жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге, гинекологиялық науқастарға және әлеуметтік қаупі бар ұрпақты болу жасындағы әйелдер тобына үйде медициналық қызмет көрсету, жүктіліктің 12 аптасы мен 32 аптасына дейінгі мерзімде жүкті әйелді әмбебап (міндетті) патронаждық бақылау, жүкті әйелдерді патронаждың әмбебап-прогрессивті моделінің схемасы бойынша олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қатер төндіретін медициналық немесе әлеуметтік сипаттағы тәуекелдер анықталған жүкті әйелдерді прогрессивті қарау немесе патронаждық бақылау;
  • отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелері бойынша консультация беру.

Егер жүкті әйел орташа қауіп-қатерге душар болса (оның ішінде емшек сүтімен байланысты проблемалар, гигиеналық дағдыларға қатысты қиындықтар), акушер / учаскелік медбике өз бетінше немесе учаскелік дәрігермен бірігіп жұмыс жасайды.

Егер әйел әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін жоғары тәуекел тобына кіретін болса (қатыгездік, зорлық-зомбылық, әйелдің мүгедектігі), мәліметтер әлеуметтік қызметкерге, психологқа және қажет болған жағдайда тиісті мекемелерге (білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар) беріледі.


Перзентханаға жолдама

Жүктілік бойынша есепке қойылған сәттен бастап әйел босануға байланыстыдайындық мектебіне бара алады. Бұл оған болашақ ана ретінде қажетті дағдыларды игеруге көмектеседі.

Жүкті және босанатын әйелдерді перзентханаға жіберу перинаталдық көмекті өңірлендіру деңгейін ескере отырып (медициналық көрсетілімдер бойынша), жүктіліктің 37 аптасынан бастап «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының күту парағында тіркеледі. Бұл дегеніміз, егер әйелде жүктілік қалыпты жағдайда болса, онда ол жақын маңдағы перзентханаға босануға жіберіледі. Алайда, егер жүктілік асқынулармен жүрген жағдайда, онда босану мамандандырылған орталықтарда жүзеге асырылады. Жүкті әйелді ауруханаға жатқызу үшін кезекке қояды, ал оның соңғы күні босанудың басталуымен анықталады.

Еске сала кетейік, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жеңілдік берілген санатына кіреді. Олар үшін сақтандыру қорына жарнаны ай сайын мемлекет аударады. Ал еңбек етіп жүрген жүкті әйелдерге сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Тек декреттік демалысқа шыққан соң ғана медициналық қызмет ақысы мемлекет қарауына өтеді.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

АПТАП ЫСТЫҚ ең алдымен кішкентай БАЛАЛАРҒА және 65 жастан асқан ҚАРТТАРҒА өте қауіпті

КОНДИЦИОНЕР ағзада қандай АУРУлар туғызады?