Өткен жылы пилоттық кезеңде 5 дрон іске қосылып, 350-ден астам әуеден мониторинг жүргізілді
көрнекілік фото: ЖИ
Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және мемлекеттік басқаруға заманауи технологияларды енгізу мақсатында дрондарды пайдалану жүйесі кеңейтілді.
Жоба «Қазақтелеком» АҚ мен Шымкент қаласы әкімдігі арасындағы меморандум аясында, Smart Shymkent жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
Өткен жылы пилоттық кезеңде 5 дрон іске қосылып, 350-ден астам әуеден мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде технологияның төтенше жағдайлардың алдын алу, экологиялық бақылау және заңсыз құрылыс нысандарын анықтауда тиімділігі байқалды.
Биыл жүйеге қосымша 16 заманауи дрон қосылды. Олар қаланың маңызды нысандары мен қоғамдық орындарда мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Дрондар полицияға бейнебақылаумен қамтылмаған аумақтарды бақылауға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және жағдайды нақты уақыт режимінде бағалауға көмектеседі. Төтенше жағдайлар қызметі оларды өрт ошақтарын, су айдындарын және қауіпті аумақтарды бақылау үшін пайдаланады.
Сонымен қатар дрондар заңсыз қоқыс төгу, өз бетінше салынған нысандар және жер учаскелерін заңсыз пайдалану фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңа технологияларды енгізу қалалық аумақтарды тиімді бақылауға, мемлекеттік органдардың жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға және тұрғындар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.


