"ГОЛОСАҒАТ": көкшетаулық мұғалім сабақ берудің цифрлы әдісін ойлап тапқан (ВИДЕО)

0
274

Цифрлық білім беру: Аяулым Болатқызының авторлық жобалары


Бүгінгі күні білім беру саласы жаңа кезеңге қадам басты. Заманауи технологиялар мен инновациялық әдістер оқыту процесін түбегейлі өзгертуде. Жасанды интеллект, AR, VR және 3D технологиялары сияқты құралдар оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырып, білімді меңгеру процесін қызықты әрі тиімді етеді. Мұндай өзгерістерге өз үлесін қосып жүрген заманауи ұстаздардың бірі — Аяулым Болатқызы.

География пәнінің мұғалімі ретінде жұмысын бастаған ол уақыт өте келе білім беру технологиялары саласына бет бұрып, оқыту процесін заманауи әдістермен байыту жолында еңбек етіп келеді. Аяулым Болатқызы өз тәжірибесі мен идеяларын бөлісу арқылы ұстаздарға шабыт беріп, білім саласының болашағына үлкен ықпал етуде.


Көкшетау қаласында география пәнінің мұғалімі, VR, AR технологиялары және жасанды интеллект бағыттары бойынша қосымша білім алған Аяулым бүгінде ұстаздарды оқыту арқылы оларға заманауи әдіс-тәсілдерді үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Педагогикалық саланы таңдауының басты себебі — Жер туралы ғылымға деген шексіз сүйіспеншілік. Географияны зерттей отырып, мен алған білімімді оқушылармен бөлісуді қалағанын айтады ол.

Сондай-ақ, мен Instagram платформасында блог жүргізеді. Ол жерде мұғалімдерге арналған пайдалы кеңестер, жаңа идеялар және заманауи оқыту тәсілдерін ұсынып отырады.


- Заманауи білім беру технологияларын қолдануға деген қызығушылығыңыз қашан және қалай басталды?

- Мен мұғалім болып жұмыс істей бастаған сәтте-ақ, балаларға сабақ тақырыбын дәстүрлі әдіспен түсіндіру жеткіліксіз екенін түсіндім. Қазіргі заманғы оқушылар сабақтан жаңашылдықты, ерекше тәсілді күтеді. Осылайша, оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мен заманауи технологияларға қызыға бастадым. Әртүрлі технологияларды зерттеп, олардың мүмкіндіктерін сабақ мақсаттарына бейімдедім. Бұл оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, білімнің нәтижелілігін едәуір жоғарылатты.


- Заманауи технологияларды сабақтарда пайдалану оқушы мен мұғалімнің жұмысына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

- Мұндай әдісті қолдану мұғалім мен оқушыны жақындастыра түседі. Сабақ барысында сынып біртұтас командаға айналады. Бұл оқыту процесін қызықты әрі өнімді етеді. Сабақтарымызда біз тек тақырыпты үйреніп қана қоймай, оны жағымды психологиялық көңіл-күймен өткіземіз. Оқушылар сабақтан қуанышты шығып, келесі сабақты асыға күтеді. Бұл қарым-қатынастың сапасын жақсартып, оқушылар мен мұғалім арасындағы байланысты нығайта түседі.

- Бүгінгі білім берудегі технологиялар туралы айтсаңыз, сіз үшін ең негізгілері қандай?

- Қазіргі уақытта білім беруде қолданылатын технологиялар өте көп. Мен үшін ең бастысы – технологияның өзектілігі емес, сабақтың мақсаты мен оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы. Сабақтың мақсаты, сыныптың деңгейі және оқушылардың ерекшеліктерін ескере отырып, қажетті технологияларды таңдаймын.


- Instagram-да оқыту тәжірибесі туралы айтып берсеңіз. Бұл платформа арқылы білім беру, әдіс алмасу, тәжірибеңізбен бөлісуді қашан және қалай қолға алдыңыз?

- Алғашында мен өз жұмыстарымды ТикТок платформасында бөлісе бастадым. Сол жерде менің идеяларымды қолдаған ұстаздар қауымынан кері байланыс алдым. Олар лайк басып, пікірлерін жазып, өз ойларын білдіретін. Осылайша, мен Instagram платформасын да қатар жүргізуді қолға алдым.


- AR, VR және 3D технологиялары білім беру саласында қолдану қаншалықты тиімді?

- AR, VR және 3D технологиялары оқушыларға сабақты тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл технологиялардың ерекшелігі – олар арқылы оқушылар тақырыпты “қолмен ұстап”, виртуалды экскурсиялар жасауға, сабақ тақырыбын жаңаша зерттеуге мүмкіндік алады.Бұл технологиялар кез келген тақырыпқа бейімделе алады, тіпті қазақ тарихы мен қазақ әдебиеті сияқты ұлттық пәндерге де қолдануға болады. Мұндай құралдардың басты артықшылығы – оқушыларды тек көрумен шектемей, оларды өздері де жобалар жасауға тарту мүмкіндігі.


- Жасанды интеллект білім беруде көп зиянын тигізбейді ме?

- Жасанды интеллект қазіргі уақытта төртінші өнеркәсіптік революцияның бір бөлігі ретінде қарастырылуда. Бұл технологияның жаңашылдығы мен пайдасы зор болғандықтан, алдымен оны қабылдап, терең зерттеп, дұрыс мақсатта қолдануымыз керек деп ойлаймын.Иә, жасанды интеллекттің кейбір кемшіліктері бар, мысалы, ол адамдардың өздігінен ойлау, өзін-өзі талдау және интеллектуалдық қабілеттерін қолдану қажеттілігін төмендетуі мүмкін. Бірақ бұл минустарды шешу үшін жаңа тәсілдерді іздеп, білім беруде тың көзқарас қалыптастыру қажет.Мысалы, бұрын біз оқушылардан эссе жазуды талап ететін едік. Ал қазір олар жасанды интеллекттің көмегімен оны оңай жаза алады. Сондықтан талаптарды өзгерту керек: жай ғана жазу немесе талдау жасау емес, оқушылардан жаңа нәрсе ойлап табуды, бірегей жобалар жасауды талап етуіміз керек.


- “Голосағат” жобасын ойлап табу идеясы қалай пайда болды?

Мен әрқашан жаңа әдістемелер іздеймін, себебі білім беру саласы бір орында тұрмауы тиіс. Әртүрлі платформаларды зерттей келе, олардың кейбірі білім беруге арналмағанын, бірақ басқа мақсаттарға арналғанын байқаймын. Сол платформаларды зерделей отырып, мен оларды білім саласына бейімдеудің жолдарын табамын.

“Голосағат” жобасының идеясы да осылай пайда болды. Бұл бастапқыда байланыс үшін жасалған платформа еді. Бірақ мен оның мүмкіндіктерін көріп, оны білім беру мақсаттарына қолдану идеясын ойлап таптым.

Мен оны тек қарапайым QR-код формасында емес, сағаттарға орнатып, оқушыларға қазіргі заманғы технологияларды көрсетуді мақсат еттім. Сағаттағы голограмма арқылы оқушылар сабақ тақырыбы туралы ақпарат алып, оларды қызықты тапсырмалар күтіп тұрады. Мысалы, голограммадағы адам оқушыларға тапсырмалар береді немесе сабақты қызықты форматта түсіндіреді.

- “Голосағат” және басқа жобалар туралы толығырақ айтып беріңізші. Олардың ерекшеліктері мен қолдану салалары қандай?

Менің авторлық жобаларымның бірі – голосағат. Бұл уақытты тиімді жоспарлауға, тәрбие және білім беру процесін ұйымдастыруға арналған инновациялық құрал. Голокод визуалды және интерактивті элементтерді қолдану арқылы оқыту мен тәрбиені жаңа деңгейге көтереді.

Сонымен қатар, менің жұмысымда келесі жобалар да бар: Комикстер – оқыту мен тәрбиені қызықты форматта ұсынатын сюжеттік құралдар. Авторлық аватарлар коллекциясы – әрқайсысы ерекше сипатқа ие цифрлық кейіпкерлер.

AR карточкалар – қосымша шынайылық технологиясымен жасалған оқу материалдары.

3D-карточкалар – интерактивті визуалды құралдар.

Цифрлық маскалар – шығармашылық сабақтар мен ойындарға арналған.

Виртуалды гид – экологиялық тәрбиені дамытуға бағытталған жоба.

3D-кубтар мен виртуалды әлемдер – білім мен тәрбиенің жаңа мүмкіндіктерін ашатын құралдар. Бұл жобаларым білім беру мен тәрбие процесінде шығармашылық пен технологияның үйлесімін көрсетеді.




- Шетелде байланыс мақсатында пайдаланылған технологияны білім беру жүйесіне бейімдеу процесі қиын болды ма?

- Мен әртүрлі қосымшалар мен платформаларды зерттей отырып, әрдайым осы технологияны білім беру процесіне қалай енгізуге болатынын және оның қандай пайда әкелетінін ойлаймын. Әр құралды зерделеп, оны білім саласына бейімдеу идеяларын жасау уақыт пен күш-жігерді талап етті.

Дегенмен, осы әрекеттерімнің нәтижесінде мен “Голокод” әдісін жасақтап, оны әлеуметтік желілерде мұғалімдер арасында кеңінен танымал еттім. Бұл әдіс білім берупроцесін жетілдіріп қана қоймай, ұстаздардың оқытуға деген қызығушылығын арттырды.


- Бұл технологияларды қабылдау алғашында оқушылардың қабілетіне қалай әсер етті?

- Оқушылар жаңа технологияларды мұғалімдерге қарағанда тезірек игереді. Мен оларға қандай да бір жаңашылдықты көрсеткен сайын, олар оны бірден меңгеріп, үйреніп, іске асырады. Мысалы, сабақ барысында оқушылармен бірге цифрлық кітаптар жасадық немесе графикалық постерлер құрастырдық. Қазіргі заманғы оқушылар технологияларға өте бейімделгіш және жылдам үйренуге қабілетті.


- Болашақта сіздің жобаларыңыздың білім беру саласында қандай өзгерістер әкелетініне сенесіз?

- Менің ойымша, болашақта білім беруде тапсырмаларды беру тәсілі түбегейлі өзгереді. Әсіресе, үй тапсырмаларына қатысты жаңа көзқарас пайда болады. Біз оқушылардан қарапайым жазбаша жұмыстарды емес, күрделі әрі тереңірек тапсырмаларды орындауды талап етеміз. Мысалы, оқушыларға 3D-нысандар құру, AR немесе VR технологияларын қолдана отырып, нақты тақырыптарға арналған жобалар жасау ұсынылады. Олар тек теориялық біліммен шектелмей, алған білімдерін жобалар арқылы тәжірибеде жүзеге асыруға үйренеді. Менің жобаларым осы бағытта білім беру процесіне үлес қосады деп сенемін.


- Сіз мұғалім ретінде оқушыларға жаңа технологияларды үйрету кезінде қандай құндылықтарды алдыңғы қатарға қоясыз? Алдағы уақытта қандай жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз?

- Мен үшін ең маңыздысы – оқушылар алған дағдыларын тек сабақта ғана емес, өмірде де қолдана алуы. Менің басты мақсатым – оқушыларды цифрлық сауаттылыққа және функционалдық сауаттылыққа үйрету. Олар технологияларды еркін меңгеріп, заманауи әлемнің талабына сай дайын болуы керек. Болашақта біз бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде AR және VR технологияларын одан әрі дамыту, осы бағытта жаңа өнімдер жасау бар. Сонымен қатар, қазақстандық компаниялармен әріптестік орнатып, бірлескен жобалар құруды мақсат етудеміз. Бұл біздің білім беру саласын дамытудағы үлкен қадамдарымыздың бірі болмақ.

Сұхбаттасқан: Ж.Кәрімхан,

ERNUR.KZ