«Бес баламның аузынан жырып, жинаған ақшам еді...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Интернет алаяқтарына тұсаулай алмайтындай біздің елдің мүмкіндігі осыншалықты төмен бе? Техниканың дамыған заманы емес пе? Арамзалар ішпей-жемей бала-шағамыздың несібесін қағып кетіп жатыр. Ал полицияның оларға қарсы тұрар қауқары жоқ», - деп күйінеді Эльмира есімді шымкенттік келіншек.
Айтуынша, жақында ОLХ сайты арқылы танымайтын бір адам банк картасындағы 250 мың теңгесін жымқырып кетіпті. Жағдайдың қалай болғанын Эльмираның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Бес баланың анасымын, біреуі мүмкіндігі шектеулі. Сол үшін түсетін жәрдемақы бар, балаларға ай сайын берілетін пособие бар, күйеуімнің тапқан табысын күнделікті ас-суымызға жұмсап, қалған қаражатты картама жинап жүргем. Әйелміз ғой, үйімізді әдемі еткіміз келеді, елден қалмай жиһаздар алсақ дейміз.
Өзім тұрмысқа шыққанда артымнан «спальный гарнитур» келмеген. Әке-шешемнің жағдайы тура келмеді. Үйленгенімізге он жылдан асса да жұмсақ төсекке жата алмай, бар арманым гарнитур алу болған. Күйеуім де киімдеріміздің әр жерде сөмке-сөмке болып тұрғанынан шаршаса керек, «ақшаңды жина да, ала берші, пәлен демеймін» деп келіскен. Бас-аяғы 250 мың теңге болғанда жиһаз дүкендерін аралай бастадым. Баяғы 150-200 мың теңге тұратын төсек-орындардың бағасы шарықтап кеткен. Мен ақша жинаймын деп жүргенде доллар өсіп, шат-шалағайы шыққан екен. Көңіліме ешбірі ұнамады, ұнағаны әкесінің құнын сұрап тұр. «Мағжан, әзірге ұсталғанын ала тұрамыз ба? Арзандау түсер еді, қалғанын балалардың көктемдік киіміне жаратармын» деп едім. «Өзің білші, ертеңгі күні анау екен, мынау екен деп миымды жемесең болды» деп қоя салды.
Содан мен дереу ОЛХ сайтын ашып, жиһаз сататын бөлімнен өзіме керекті тауарды іздей бастадым. Базардан 550 мыңға көрген «Шатура» фирмасының гарнитурын біреу 230 мыңға жарнамалапты. Күні кеше көріп, қызығып кеткен аппақ төсек, матрасымен бірге екен. Әлгіні көргенде қуанып кеттім. Күйеуіме көрсетіп едім, әдеттегідей сабырлы қалпында «әдемі екен, өзің біл» деді де, қойды. Дереу көрсетілген нөмірге телефон соғып едім, тұтқаны бір орыс көтерді. О бастан орысшаға шорқақтаумын, «здрастиді» айтқасын телефонды студент қайынсіңліме бере салдым. «Ерке қыз, сөйлесші, бағасын сәл түсірсін» деп нықтап қойдым.
Қайынсіңлім әлгі кісімен біраз сөйлесті. «Қазақстанға іссапармен келгем, екі жыл Алматыда тұрып, жұмысым біткесін қайтып барамыз. Жиһаздарды сол үшін арзан сатып жатырмыз. Ақшаларың дайын болса, жағдайларыңа қарасып, 200 мыңға берейін» депті. Мұны естігенде қуанып кеттім. Аңқау басым «Көшіп жатса басқа да заттары бар шығар, сұрашы» деп қоймадым. «Екі қызымның кроваты бар. Керек десеңдер, оны да 25 мыңнан сатам, жап-жаңа, қазір суретін жіберем» деп қалды. Үлкендеріме кереует керек боп жүрген. Картамдағы ақшаға әлгінің айтқан сомасы тура келе қалғанына мәзбін. Бір уақта уатсаппен жиһаздарының суретін салды. Кәдімгі үйде тұр, айналасында кітаптар, киімлер шашылып жатыр. Жап-жаңа, заманауи кереует екен. Қайынсіңліме звондашы, аламыз деп айт» деп қоймадым.
Екеуі біраз сөйлесті. «Мен сіздерді танымаймын, сондықтан алдын-ала ақша аудармасаңыздар, затты Шымкентке жібере алмаймын» депті. Негізі қайынсіңлім бірдеңені сезгендей «ал сіздің алдап кетпейтініңізге кепілдік бар ма» деп сұрады. «Алдамаймын, сенбесеңдер құжаттарымды суретке түсіріп салайын, видеоқоңыраумен телефон соғып, заттарды көрсеңдер болады» деп жалпақтап қалды. Айтқандай-ақ «Игнатьев Борис» деген біреудің ресейлік құжатын жөнелтті. Сосын мен картамдағы бар ақшаны әлгінің шотына аударып бердім. «Болды, түсті, ертең «Газельге» артып, сіздерге жіберемін. Мәшиненің нөмірі мынадай, шопырдың телефоны міне...» деп бізге бәрін салды. Арзан әрі сапалы жиһаз алдым, Құдайым берді деп қуанып, түні бойы ұйықтай алмай шықтым.
Таңертең тұра сала әлгі кісіге тағы хабарластық. «Жүкті тиеп қойдық, қаладан шығып жатыр» деп сенімді сөйледі. Біздің есебіміз бойынша кешке қарай көлік Шымкентке жетуі тиіс-тұғын. Қас қарая бастаған шақта әлгіге қайта соқтым, «Не деген адамсыңдар, қайдағы бір 250 мың теңге үшін миымды ашытып. Сенбейтін болсаңдар карта нөміріңді айт, қайтадан аударып жіберем» деп айқайлады. Оның мына сөзінен кейін ұялып қалдым. «Жарайды, қоя беріңіз, біз тауарды күтеміз» деп кешірім сұрап, тұтқаны қойдым.
Содан ертеңгі таң атты, келеді деген көлікті сол күйі таппай қалдық. Таңертең әлгілерге қоңырау шалсам нөмірлері сөндірулі. Алданып, сан соғып қалғанымды сонда білдім. «Жарымес, айттым саған, сауатың жетпесе сайттан зат сатып алып нең бар еді» деп күйеуім үйдің астаң-кестеңін шығарды. Жағдай ушығып бара жатқасын інімді шақыртып, полицияға бардық. «Әпше, алаяқтарға алданып қалғансыз ғой. Ондайлар қазір өте көп. Сізге көрсеткен құжаты тем более басқа елдікі екен. Табу мүмкін емес. Сонда да арыз жазып қалдырыңыз, көрейік» деп қалды.
Содан бері міне, екі ай өтті. Ақша да, жиһаз да жоқ. Ішпей-жемей жинаған ақшам еді, балаларымның аузынан жырып, үйімді жаңартамын деген арманымның күл-талқаны шықты. Күнде кешке күйеуімнің күңкілін ести беріп, менің де жүйкем тоза бастады. Біреудің ақысын жеп қалай жер басып жүргеніне таңмын. Ондайлардың екі дүниеде оңбасы анық. Дегенмен полицияның дәрменсіздігі қынжылтады. Әшейінде тауық ұрлағандарды тауып, пәлен жылға соттап жатады ғой, түйені түгімен жұтқандарға сот жоқ па?
Мен бұл оқиғаны айта отырып, өзім секілді қыз-келіншектерді сақтандырғым келеді. «Ескіні алсаң есің шығады» деген рас екен. Біреудің қаңсығына қызығып, арзанға ұрынудың қажеті жоқ. Сайт арқылы тапсырыс бергеннің алды-арты осы болсын. Сіздер де сақ болыңыздар!»
«Анам мені көңілдесіне тоқалдыққа бермекші болды»: студент қыз ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды