"Әйел өзіне сенсе ғана көпбалалы бола алады"

0
212

"Кейбіреулер «Бала әуелі өздеріңе керек. Неге мемлекетке жалтақтай бересіңдер?» дейді."


Сурет: sun9-8.userapi.com

ERNUR.KZ порталы редакциясына жолданған түркістандық оқырман - Зияданың хатын оқи отырыңыз.


"Көпбалалы ананың мұң-мұқтажын екінші бір көпбалалы ана ғана түсіне алады. Мен де өз кезегімде бұл жағдайды менен артық ешкім білмейтін шығар деп ойлаймын.

Әлбетте, көпбалалы анаға мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек пен қолдаудың маңызы зор. Бірақ, соның өзін дұрыс пайдалана алмайтын әйелдер бар. Оларға айтарым, әр әйел бала-шағам үшін деп үйден шықпай, қараңғыланып қалмауы керек. Қазір оқимын, дамимын, кәсіп жасаймын деген адамға мүмкіндіктер көп-ақ. Әрине, қиындықсыз ештеңе де болмайды. Ешбір жетістік оңайлықпен, маңдай теріңізді төкпей алдыңызға келе қалмайды.

Әйтсе де, көпбалалы ана болу бір жағынан – нағыз ерлік, екінші жағынан – бақыт. Қазіргі уақытта шиеттей бала-шағаны бағып-қағу да оңай емес. Әрине, қазақ «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық. Бір ғана «Әр баланың өз несібесі бар» деген сөздің қаншама отбасыға күш пен жігер сыйлайтыны тағы анық. Алайда, «таяқтың екі ұшы» бары белгілі. Оларды ешкімнен кем қылмай өсіріп, сапалы білім беріп, аяқтан тік тұрып кетуіне жағдай жасау – ата-ананың міндеті.

Қазір менің жасым – отыз сегізде. Әлі қырыққа жеткен жоқпын, Алла амандығын берсе ұзақ жасау бұйырсын. Он тоғыз жасымда тұрмысқа шығып, қазір көпбалалы анамын. 30 жасқа дейін үйде баламен отырдым. Күйеуім ғана жұмыс істеді. Оның тапқаны жетпегендіктен, амалдап күн көрдік. Үйсатып алуға ақшамыз болмады, жоғары білім алуға мүмкіндік болмады.

Мектепті бітіре сала оқу оқимын деген арманыма жете алмадым. Анам кішкентай кезімде қайтыс болған. Әкем екінші рет үйленіп, мен нағашыларымның қолында өскенмін. Сондықтан болар, маған ата-ананың махаббаты жетіспеді, жалғыздықты көп сезіндім. Бірге туған бауырларым да болмады. Сондықтан болар, ерте тұрмыс құруды дұрыс деп тапқаным.

Бірақ он тоғыз жасымда тұрмыс құрсам да, өміріме налыған емеспін, ешқашан өкінбеймін. Себебі, жолдасым – өте жайлы азамат. Балажанды. Баламыздың көп болуы да біздің осы ниетімізге орай берілген сый шығар.

Кейбіреулер «Бала әуелі өздеріңе керек. Неге мемлекетке жалтақтай бересіңдер?» дейді. Әрине, бала өзімізге керек.

«Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар емес пе? Сондықтан бала тууға қабілетті әйелдер алдымен Алладан медет сұрап, одан кейін – өзіне, өмірлік серігіне сенімді болса, халықтың санын көбейтуге әлдеқашан септігін тигізер еді. Ең өкініштісі, қазір сенім азайды. Меніңше, демографияға дүмпу жасау қиын емес. Бәрі де ниетке байланысты."