Бұл оқиғасы еркектерге ой салса екен дейді ол.
Фото: avatars.mds.yandex.net
Кейде адамның біреуге жасаған жақсылығы жамандық боп қайтатыны бар. Бәрінен де сол жаман.
Алматылық Дамира есімді келіншектің анасынің өмірі осы сөзге мысал бола алады.
Дамира ERNUR.KZ анасының аянышты өлімі туралы айтып берді:
«Мен анамның жалғыз перзентімін. Әкем мен 2 жаста кезде қайтыс болған. Ол кезде анам небәрі 25 жаста болған. Содан соң қайтадан тұрмысқа шықпады. Айтуынша, мені өгей әкеге жеутеңдеткісі келмепті. Бұл сөзі кейде мені айыптағандай түйілетін. Сондықтан да мен анамның айтқанын орындап, бір елі ұзамадым.
Жалғыздығы жанына қатты батса керек, жасым 19-дан асқаннан бастап «күйеуге ти, тұрмысқа шық» деп миымды ашытты. «Мама, әлі жаспын ғой, оның үстіне тұрмысқа шығу үшін жігітпен танысуым керек. Ешқайда шықпасам кіммен танысамын?» дейтінмін. Шындығында, анам мені қасынан ұзатпайтын. Құрбыларыммен қыдыруға да жібермейтін.
Аудандағы ауруханаға санитар боп жұмысқа орналастым. Жұмыс ауыр, күні бойы тынбаймын. Бір күн талып ұйықтаймын, қайтадан жұмысыма барамын. Осылай жүргенде жасым 25-ке келді.
Уақыттың қалай өткенін аңғармай қалдым. Жұмысымда жігітпен таныстырғандар болды. Бірақ ол жігіттер басқа облыста, басқа ауданда тұрады. Ал анам мені басқа аудан түгілі, басқа ауылға жібергісі жоқ.
Мен үшін өмірін арнаған анамның менен басқа қызығы да, бақыты жоқ екенін түсінем. Сондықтан да өзім тұратын ауданға тұрмысқа шығуға келістім.
Жігітті анам тапты. Бір танысының ұлы. Аудандағы кәсіптік училищені бітірген, дәнекерлеуші боп жұмыс істейді. Жігіттің кемшілігі – ішімдікке жақындау. Әйтеуір ақша табады, бірақ оның жартысын ішімдікке жұмсайды.
Анама «Осыған тимесең ренжимін» деп отырып алды. Анам «Бастысы он екі мүшесі сау, келбетті. Әке атанған соң ішімдігін қойып кетеді. Бұл саған байланысты» деді.
Анамның көңілін қимадым. Сезімсіз тұрмысқа шықтым. Үйлену тойымыз болды. Ақ көйлек кидім, анам мәз. Ол кезде мен үшін анамның қуанғанын, оның арманы орындалғанын ғана ойладым.
Ата-енеден бөлек, екі бөлмелі времянкада тұрып жаттық. Күйеуім де, мен де жұмыс істейміз. Тапқанымыз өзімізге жетеді.
Өмірге қыз баланы алып келдім. Күйеуім сол күні ішіп келіп, мен білмейтін барлық өнерін көрсетті. Әке болғанын достарына жуып, көп ішіп қойған. Мені ұрды, үйдегі заттарды қиратты. Кәдімгі жын ұрған адамдай...
Ертеңіне кешірім сұрады. Бірақ кешке тағы ішіп келді. Несін айтайын, бір апта тоқтамай ішкенде мен одан безіп кеттім. Осылай күйеуім айына бір рет апталап ішіп, тағдырға көніп өмір сүріп жаттым.
Ішпесе әжептеуір-ақ, тек ішсе ол мүлде басқа адам. Ал ішкен түндері мен оған, оның әрекеттеріне шыдай алмаймын. Мылжың сөзімен жанымды ауыртқаны бөлек, тәнімді де азаптайды. Бұны ашып жазу ұят.
Бір күні ары қарай төзе алмайтынымды ұқтым да кетіп қалдым. Бұл кезде екіншіме аяғым ауыр еді. Анам барлық әйел солай өмір сүріп жатқанын, бастысы отбасыны сақтап қалу керектігін айтып көндіргісі келді. Ал мен түнгі азабымды айта алмай қиналдым. Ақыры ашып айттым. Анам маған қосылып жылады.
Мен күйеуіме қайтып бармадым. Ал ол ішіп алған кезде келіп анамның да, менің де миымды ашытады.
Ішіп келіп терезенің әйнегін сындырды. Есікті ашпай қойсам, оны да бұзды. Қаншама рет арыз жаздым. Ол мазалауын қоймады. Өстіп жүріп екінші қызымды босандым. Ажырастық, бірақ ол ішкен кезде келе берді.
Арада бес жыл өтті. Күйеуім қыздарын көруге келіп тұрады. Заң жүзінде оған осындай құқық берілген соң қарсы келе алмаймын.
Бір күні түнгі ауысымда ауруханада жұмыста едім. Көршім үйіміздің өртеніп жатқанын айтып қоңырау шалды. Мен жеткенше өрт сөндірушілер де келіп, өртті сөндіріп жатыр екен. Анам екі қызымды далаға шығарып үлгеріпті. Содан соң күйеу баласын алып шықпақшы боп қайта кірген. Анамның үстіне жанып жатқан ағаш түсіп, орнынан тұра алмай қалған. Денесінің көп бөлігі күйген.
Оқиға былай болған ғой. Күйеуім достарымен ішкен сол күні. Қыздары есіне түсіп кетсе керек, үйге келген. Өзінше қыздарын қуантқысы келген шығар, үйде фейерверк жасаған. Фейерверкінен шашыраған от пердеге тиген, жалын жан-жағын әп-сәтте орап үлгерген...
Мас болса да өзі өрттің арасынан шығып үлгерген. Бірақ денесінің бір жағы күйіп, ол да ауруханада жатты. Ал анам екі аптадай жансақтау бөлімінде жатып, қайтыс болды.
Сол күні дәрігерге жалынып жүріп, жансақтау бөліміне кіріп едім. Анам әрең сөйледі. Ол тек «Кешірші мені. Сені күйеуге тимей жалғыз қалып кете ме деп қорыққан едім» деген екі ауыз сөзді ғана айта алды. Бірақ мен «Кешірдім» деп айта алмадым. Осы бір ауыз сөзді айтуды ойламаппын да. Қазір осы сөзді айтпағаныма өкінемін.
Екі сағаттан соң анамның жан тапсырғанын дәрігер хабарлады. Жүрегім езілді. Менің бақытты болғанымды ойлап күйеу баланы өзі тапты. Ал сол күйеу баласы оның өліміне себепші болды.
Күйеуімді сотқа бердім, анамның өліміне кінәлі деп. Бірақ ол жазықсыз қалды. Не деген өмір қатыгез, әділетсіз...
Бірақ анамның өлімінен соң күйеуім бізді мазалауын доғарды. Өміріме тыныштық берді. Сонда бұндай ессіз адамдарға ақыл кіру үшін әйтеуір бір адам өлу керек пе?..»
Дамира әңгімесінің соңында жылап қалды. Ол «Еркектер ажырасқан, кеткен әйелге тыныштық берсе екен» дейді.
Тағы да оқыңыз: