​«Аулаға шығарып алып, аяусыз тепкілеп тастаған»: қызылордалық әйел жиені үшін әділдік іздейді

0
3 172

«Сот жиенімнің денсаулығын 21 мың теңгелік айыппұлға теңеп отыр»


​«Аулаға шығарып алып, аяусыз тепкілеп тастаған»: қызылордалық әйел жиені үшін әділдік іздейді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Фейсбук» әлеуметтік желісінде Үміт есімді қызылордалық тұрғынның жанайқайын көзіміз шалып қалды. Ол өзінің жиен сіңлісінің денсаулығына алаңдап, оны аяусыз соққыға жыққан қатарластарын қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрапты. ERNUR.KZ тілшісі осы оқиғаның анық-қанығын білмек болып Үміт ханымға хабарласқан. Ол кісі осыдан екі ай бұрын болған жағдайды жасырмай айтып берді.


«Жиырмасыншы қазан күні үйінде отырған жиен сіңліме колледжде бірге оқитын танысы «Айнұрмын ғой, аулаға шық, жүріп қайтайық» деп хабарласыпты. Сіңлімнің арам ойы жоқ, шақырғасын шыға салған. Сөйтсе әлгі телефон соққан қыздың жанында тағы екі қыз бар, сол жерде менің сіңлімді ішінен теуіп құлатқан. Құлаған кезде жиенімнің желкесі бордюрге тиген, бастан қатты соққы алған. Үш қыз мұнымен тоқтамай, жерде жатқан жиенімді үш жақтап тепкілеп тастаған. Біраз уақыттан кейін сіңлім есін жиып, әрең дегенде өзі тұратын үйге жеткен. Анасы сау тамтығы қалмаған қызын көріп, дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарды. Сол арада полицияға хабар беріп, олар қызды соққыға жыққан екі қызды ұстап, бөлімшеге әкеткен. Біреуі бұл уақытта кетіп үлгерген екен. Әлден уақыттан кейін екі қыздың бірін апасы, екіншісін анасы бөлімшеден әкетіпті.


Сонымен, міне, үш айға таяп қалды, жиенімнің денсаулығы мәз емес. Осы уақыт ішінде төрт рет стационарлық ем қабылдап шықты. Ал оның арасында шақырған жедел жәрдемнің есебіне жету мүмкін емес. Талып қалатын ауру пайда болды, түнімен сандырақтап шығады. Қызылорда қалалық емхана, аурухана мамандары басын қайта-қайта ЭЭГ, РЭГ, КТ, МРТ аппараттарына түсіріп жатыр. Әрқайсысы әртүрлі нәтиже көрсетіп, дәрігерлер нақты бір шешімге келе алмай жатыр. Соққының әсерінен көзіне де зақым келген, тамырлары жарылған. Бір сөзбен айтқанда, жиенімнің құр сүлдері қалды.


Сіңлім осыдан он жыл бұрын үш перзентімен жесір қалған. Мына жиенім сол кезде алты жастағы бүлдіршін еді, титтейінен анасына жәрдемдесіп, өз арбаларын өздері сүйреп, ешкімге зиянын тигізбей өмір сүріп келе жатқан. Мына жағдай әкесіз өскен жиенімнің психикасына қатты әсер етті, өзін қорғансыз сезініп, жылай береді. Біраз уақыт емделіп, колледжге оқуға барса әлгі соққыға жыққан қыздар «Мынау әлі өлмеген бе, қайтып келіпті ғой» деп кекетіп, намысына тиіпті. Содан бері сабақ та жайына қалды.


Осы оқиға орын алған күні «Өркениет» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлгі соққыға жыққан қыздардың ата-аналары сіңлімнің үйіне келіп, кешірім сұрапты. «Дәрі-дәрмегін әперейік, ем-домына көмектесейік» деп істі жауып тастағысы келген. Қызын өлімші етіп сабап кеткенде қайдағы кешірім? «Мен сендерді соттатам» деген екен, «Білгеніңізді істеңіз, бәрібір сотталмаймыз» деп кетіпті. Бұл нені білдіреді, демек олардың артында сөзін сөйлейтін біреу бар болғаны да...


Жиенімді жерге құлатып тепкілеген қыздардың бірі №4 С.Сейфуллин атындағы мектептің оқушысы, екіншісі «Өркениет» медициналық колледжінде білім алады, үшіншісі «Болашақ» университетінің колледжінде оқиды. Олардың мұртын балта шапқан жоқ, түк болмағандай оқуын жалғастырып, алшаң басып жүр.


Осы оқиға орын алған жерде, яғни аулада камера бар. Бірақ әлгі камерада үш қыздың ары-бері жүргені бар да, төбелескен жері жойылып кеткен. «Бұл қалай болды?» деп сұрасақ, «Камера ары-бері қозғалмайтын етіп қойылыпты» деген уәж алдық. Бір күйетінім, полиция бір қызды ғана әкімшілік жауапкершілікке тартып отыр, қалған екеуі төбелескенде ажыратқан деп қорытынды шығарыпты. Олардың ажыратып тұрғанын камерадан көрмесе, қалай білді?! Бұл барып тұрған бассыздық емес пе?


Осы уақытқа дейін бірде-бірполицей келіп, жиенімнен түсініктеме алған жоқ. Жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алған деп кесіп-пішіп, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің іс-әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ деп танып, Әкімшілік құқықбұзушылық Кодекстің 73-1 бабы, 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік хаттама рәсімделіп, әкімшілік сотқа жолданған. Сот түк болмағандай алды да, ұрып кеткен қыздың анасына 21 мың 400 теңге айыппұл сала салды.


Ал менің жиенімнің жағдайы ше? Шешесі байғұс түні бойы көз ілмей шығады, қызының шошынып қалғаны сондай, түн ішінде өзіне қол салып қоя ма деп уайымдайды. Талып, аяқ-қолы тырысып қалатын жағдайға жетті. Енді қызылордалық дәрігерлер жиенімді Алматы қаласындағы республикалық балалар клиникалық ауруханағасы портал туралап, сонда жіберіп жатыр. Әлі қандай қорытынды шығары белгісіз, бір білетінім, жиенімнің жағдайы мәз емес. Айдың күннің аманында қатарластарынан зәбір көріп отыр.


Мұның бәрі неден басталды деп жиенімді сөзге тартқам, «Колледжде сөзге келіп қалдық, әлгі қыз «мені неге балағаттайсың» деп тиісті. Мен оны балағаттаған жоқпын. Бары – осы» деп отыр. Бала ғой, арада түсінбестік орын алған шығар, бірақ сол үшін адамды итше талап кетуге бола ма? Демек, бұл үш қыздың психикалық жағдайы дұрыс емес, олар қоғамға қауіп төндіруі мүмкін.


Мен осы жағдайды назарға алып, жиенімді ұрып кеткен қыздарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етемін. Біз қазір апелляциялық сотқа арыз түсіріп қойдық. Керек болса Жоғарғы сотқа дейін баруға дайынмын. Жесір ана, жетім қызды жылатқан жандар моральдық, материалдық шығынды өтесін!»