​«Ажыраса беруден шаршадым»: шымкенттік әйел күйеуінің тосын мінезін түсінбейтінін айтады

0
5 776

«Ұрған емес, бірақ жанында жүрсем тынысым тарылады»


​«Ажыраса беруден шаршадым»: шымкенттік әйел күйеуінің тосын мінезін түсінбейтінін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның кім екенін танып, білу үшін бір пұт тұз жеу керек» дегенді естуші едім. Яғни жай ғана таныс-біліс боп жүргенде ішінде нендей «ит өліп» жатқанын аңғармай қаласың. Ал отбасын құрып, күнде бір шаңырақ астында бір ыдыстан ас ішкенде кімнің кім екені білінеді екен», дейді Сымбат есімді әйел.


Шымкент қаласының тұрғыны екінші рет тұрмысқа шыққанына өкінетінін жеткізді. Ал оның себебін ERNUR.KZ тілшісіне өзі баяндап берді.


«Жасым 34-те, бір ұл, бір қызым бар. Осыдан төрт жыл бұрын бірінші күйеуіммен ажырастым. Күйеуімді әпкесі Атырауға вахтаға кіргізген, бір ай сонда, бір ай үйде, елге келгенде де уақытының көп бөлігін достарымен қыдырып өткізетін. Жас отбасымыз, күйеуін сағынған әйел болғасын оның бұл әрекеттерін түсіне алмадым.


Сөйтіп жүргенде күйеуім кеткен вахтасынан екі-үш айлап келмейтін болды. «Жұмыс көп» деген жаттанды сылтаудан жалығып, балаларымды ата-енеме тастап, артынан іздеп барсам, күйеуім бір әйелді тауып алған екен. Онысы іші шермиіп, босануға жақындап қалыпты.


Содан ауылға келіп, ата-енеме жағдайды түсіндіріп, екі баламмен кетіп қалдым. Әкем жоқ, екі әпкем мен бір інім, анам бар. Бірақ олардың маған қарайласатын жағдайлары жоқ, өздері бір айлыққа қарап отыр. Содан бар күшімді бойыма жинап, қаладан арзандау пәтер жалдап, балаларды бақшаға беріп, іліккен жұмысты істей бердім. Қайсыбірін айтайын, етек-жеңімді жинап алғанша әбден қиналдым.


Ажырасқаныма екі жарым жылдай уақыт өткенде ескі махаббатымды кездестірдім. Ерлер киімін сататын дүкеннің сатушысы боп жүрген кезім, киім алуға келген екен. Ойда-жоқта ұшырасып, кешкісін бірге тамақтандық. Ол да екі қызымен ажырасқан екен, «қыздарым шешелерімен бірге тұрады» деді. Бірақ не үшін бөлек кеткенін ашып айтпады

.

Бір айтарым, Әсет маған ерекше қамқор болды. Жігіт кезінде де сондай еді, бірақ мені бірінші күйеуім алып қашып кетіп, қосыла алмай қалғанбыз. Қазір де өзгермеген, балаларыммен де танысып, тез тіл табысып кетті. Үйге жиі келіп, азық-түлігін арқалап келіп, көңілімізді аулап, ақырында бас қостық.


Ата-аналарымызды таныстырып, баталарын алып, мұсылманша некемізді қиып, ел-жұртқа жария етіп, отбасылық өмірді бастадық. Жақсылығын айту керек, бекер обалына қалмайын, Әсет балаларыма өз әкелерінен көрмеген мейірімді бере білді. Өз қыздарымен тең көретін. Киім-кешегі, сабағы, бәріне қолғабыс етеді. Дауыс көтеріп сөйлегенін көрмедім.


Бірақ... адамды мүжіп тастайтын бір мінезі бар. Үйленіп, бір үйде тұра бастағалы маған деген талабы күшейе түсті. «Еркектерге киім сатпайсың, женский магазинге ауыс» деді, онысын орындадым. «Жұмысқа боянбай барасың» деді, көндім. Той-томалаққа барарда шашымды бояйын десем, оған да қарсы шықты. Құрбылармен кездесуге тыйым салғаны айтпаса да түсінікті шығар...


Мен бәріне көндім. «Тек менімен ғана қыдырасың, кафеге барғың келсе балалармен өзіміз барып қайтамыз» деп шарт қойды. Жұмыстан қайтар уақытымды есептеп, дүкеннің алдына келіп тұрады. Бес минут кеш шықсам «Неге?» деп сұрақтың астына алады.


Жақында өз мамандығым бойынша медсестра боп ауруханаға кірдім. Мемлекеттік жұмыс, тұрақты айлық болғанға қуандым. Басында Әсет те көніп, рұқсатын берген. Енді «мен саған видеозвонокпен звондап тұрам» деп шықты. Оның талабы – осы. Сөйлеспесек те телефонды қосып қоюуым керек. Бәріне есеп беріп отырамын. Жанымдағы қыздар күледі, «күйеуің ауру ма» деп айтып қалады. Басында «өзі де бір күні шаршайтын шығар» деп айтқанын істей беретінмін. Бірақ ол тоқтайтын емес. Телефонды көтермей қалсам миымды жеп қояды.


Екеуміздің ұрысымыз осындайлардан шығады. «Неге көтермедің, кіммен болдың» деген әңгімелері шаршатты. «Сенбесең неге үйленесің? Онда ажыраса салайық!» дедім. «Ажырасам, сенен де жақсы қатын табам!» деп ашуланып, есікті жауып шығып кеткен. Екі күннен кейін кешірім сұрап, жалынып, гүлін алып келді. Мен оңайлықпен көтеріле қоймайтын адаммын, бір жолға кешірім беріп, қайта кіргіздім. Бірақ Әсет берген уәдесін ұмытып, баяғы әуеніне қайта басты.


Онымен отырып ашық сөйлесуге де қаншама рет тырыстым. Бірақ сұрақтарымның бәріне толыққанды жауап ала алмаймын. Отбасымыздың арқасүйері, азаматы ретінде өте жақсы, балаларыма да мінсіз әке. Бірақ күйеуім ретінде жаныма тыныштық берер емес. «Мынау тағы не бастайды екен» деген ой болады үйге келе жатқанда.


Ажырасуымыз үш рет қайталанды. «Ажырасам» деп кетеді де, артынша кешірімін сұрап келе салады. Кешегі апта тағы ұрысып қалдық. Өкінетінін айтып келіпті, бірақ мен бой бермедім. Көңілім суып бара жатқан сияқты. Жаныңда әр қадамыңды аңдып, әр сөзіңнен ілік іздеп отырса, кең тынысың тарылып кетеді екен. Түбегейлі ажырасып кетсем ел не дейді, «екі байдан қайтып келді» деп өсектейді-ау. Оның үстіне табысы жақсы, тәп-тәуір асырап отыр. Ал бірге тұрсам әлгіндей тірліктері тыныштығымды ұрлап жатыр. Көңілге медет болатын бір-ақ нәрсе, маған қол көтермеді. Әлде бұл жүре келе пайда болатын әдет пе?


Қысқасы, ақыл сұрайтын адамым қалмады. Ел-жұртқа айтсам табалап, мазақтайтын сияқты. Көпшілік менің мәселеме не дер екен?...