"Балаларымның көзінше ​«Сүмелек!» дегені қатты батты": шымкенттік азамат әйелді қадірлеу керектігін айтты

0
2 306

«Балаларға дарбыз әперші» деп жалынатын жағдайға жеттім. Ондай күйеу маған керек пе?»


иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Менің жұмысым – халыққа қызмет көрсету. Осы жұмысым өзіме ұнайды. Себебі күніне неше түрлі адаммен кездесем, әртүрлі тағдыр тыңдаймын. Солардың ішіндегі тек біреуіне шын жаным ашыды. Оның әңгімесі әйелімді одан сайын қадірлеуге, сыйлауға түрткі боп еді. Соны көпшілікпен бөлісіп, еркектерге ой салсам деймін», - деді Сағындық есімді азамат.


Өмір бойы таксист боп жұмыс істеген оқырман өзіне ой салған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Былтыр наурыз айында ғой деймін, бір мекен-жайдан тапсырыс түсті. Үйдің алдына барып тұрып ем, жасы қырыққа таяп қалған бір әйел мінді. Мен әдетте бәріне бірдей сөйлей бермеймін, мына келіншектің көзінде мұң бар сияқты, оның үстіне вокзалға бара жатқасын, қарап отырмай «пойызбен қай қалаға жүрмекшісіз» деп сұрадым. Ол естімеген адам сияқты отыра берді. Тек вокзалға жақындаған кезде «сіз мені 5-10 минут күте тұрасыз ба, бір затты алам да, жаңағы адреске қайтам» деп өтініш білдірді.


Таң енді атып келе жатқан, дала әлі қараңғы-тұғын. Вокзалдың ішіне жалғыз жіберуге қорықтым да, соңынан ілестім. Қарындасым уақыттан шатасқан екен, «пойыз жарты сағаттан кейін келеді» дегенді естігенде көңілі түсіп кетті. «Сіз кете бересіз-ау, әлі біраз күтетін болдым» деп маған ақша ұсынды. Неге екенін білмейм, сол қызға көмектескім кеп, «сізбен бірге күте тұрам» деп айттым.


Екеуміз орындыққа жайғастық. «Сіз мені ешкіммен сөйлеспейтін «вредный қатын» деп ойлаған шығарсыз?» - деді ол. – Мен ондай емеспін. Просто қазір екі ойлы күйде жүрмін, күйеуіммен ажырасудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Маған таңдау жасау керек».


Қарындастың бұл сөзінен кейін үнсіз қалу мүмкін бе? «Күйеуің іше ме, жүре ме, не себеп болды?» деп сұрадым. Сол кезде «үндемес» қарындас әңгіменің тиегін ағытты ғой.


«Кейде күйеудің ішіп, жүріп тұрғаны да жақсы ма деп қалам. Менікі ішпейді, шекпейді, үйге уақтылы келеді. Бір қарағанда «идеальный» еркек. Құрбыларым, төркінімдегі туыстарым «осындай байды қалай тауып алдың» деп қызығады. Бірақ олар менің ішімде «ит өліп» жатқанын қайдан білсін.


Отасқанымызға он бес жыл болды. Қорлықтан басқаны көрмедім. Ажырасып кетуге неше мәрте оқталдым. Бірақ әке-шешемнің «бұдан артық байды қайдан табасың, шыда, жетісіп жүрген ешкім жоқ. Небір оңбағандармен де өмір сүріп жатқандар бар. Оның қасында сенің байың алтын ғой. Түбінде жеңесің, шыда, балаларың өссе теңеліп кетесің» деп тоқтататын. Сөйтіп жүріп төрт баланы өмірге әкелдім.


Жоғары білімім бар, бірақ бала күтімімен үйде отырмын. Қарап отыруға болмайды, әйтпесе аш қаламыз.Таңертең көзімді тырмалап аша сала ас үйге жүгірем. Қамыр илеп, нан жауып, оны дүкендерге өткізем. Одан түскен ақшаға үйге азық-түлік алып, арқаланып әрең жетем.


Бұрын үйдің керек-жарағын күйеуім қамтамасыз ететін. Бертін келе үй салам деді де, тапқан ақшасын соған жұмсап жүрді. Несиесі бар ғой, оған да оңай емес, бір жағына шығысайын деп жүріп, бүкіл міндетті, жауапкершілікті өз мойныма артып алғанымды білмей қалдым. Қазір үйде нан жоқ болса «менде ақша жоқ» деп міз бақпай отыра береді. «Бала-шағаға дарбыз әперші» деп жалынатын жағдайға жеттік.


Өткенде әңгіме арасында «Еу» деген сөзді қосып сөйлеп қалдым. «Маған еу деп әкіреңдейтіндей сен кімсің, сүмелек» деп балалардың көзінше аузына келгенін құсты. Осы уаққа дейінгі өкпе-ренішті ішіме «жұтып» келе жатқам, бұл жолы үнсіз қалмадым. «Сүмелек» дейтіндей мені көшеден тауып алып па едің? Мен сүмелек болсам, сен кімсің? Сен арамтамақ, малсың! Мына үйге жаның ашымайтын, тамағыңды тойғызып, жылы төсекке жату үшін келетін квартирантсың!» деп ұрыстым.


Ертеңіне түк болмағандай ас үйге кіріп тамақ ішкелі жатқан. «Қатының сүмелек те, оның істеген тамағы тәтті ме? Сүмелектің тамағын да ішпе!» деп айқайладым. Сол күннен бастап үйден тамақ ішпейтін болды. Мені бұрынғыша үнсіз кешіре салады деп ойлайды-ау. Екі аптадан бері үйде береке жоқ. «Үстіңдегі киімдерді де сүмелек қатының әперген, бәрін шеш» деп шешкізіп алдым. Соңғы алты жылда өзіне киім алмаған екен, киетін нәрсе таппай қалды.


Айтыңызшы, аға, мен оған не істедім? Осы уаққа дейін «жоқ, ақшам жоқ» дегеніне үнсіз көніп келем. Әйелім ғой деп бір көйлек әперген емес. Керісінше, мен үйдің жоғын түгендеп, итшелеп өмір сүріп жатырмын.


Жылы сөзін арнап, ара-тұра еркелетіп, отбасымыз үшін істеп жатқан тірлігімді түсініп, қолдап отырса мейлі ғой. Кейде ақша сұрасам «қашан қайтарасың» деп береді. Өз күйеуімнен қарызға ақша алып, оған тамақ алатын жағдайға жеттім. Осыдан кейін «маған күйеу керек пе» деген сұрақ туды. Төрт баламды өзім-ақ асырайтын сияқтымын. Тағы бір «лишний ауыздың» не керегі бар маған?»


Қарындастың осы бір сөзі мені ойландырып қойды. Расында, біздер, еркектер әйелдің қадіріне жетпейміз ғой. Үйде, бала бағып отырған әйелдерге «қолы бос, еріккен қатын» деп қараймыз. Негізінде үлкен еңбек солардікі. Оның үстіне үйде анау-мынау пісіріп, оны саудалап, отбасының табысына атсалысып жүрсе, ондай әйелді жөнсіз тілдеу, көңіліне тию еркектікке жатпаса керек. Көзінің жасын бір сығып алған қарындасыма қарап, күйеуін ішімнен боқтап алдым.


Жігіттер, асырауға шамаң жетпесе отбасын құрмашы. Үйленбе! Үйлендің бе, туғыздың ба, әйелдің мойнына артып қоймай, өзің асыра! Асырап отырсаң, оныңды міндет қылма! Әйел біздің аманатымыз, қазірден оған сүйеу боп, көңілін ауласаң, қартайғанда қадірсіз болмайсың».